Павлодар облысында тұрғын үй өртеніп, екі бала көз жұмды

Ulysmedia
Көрнекі сурет. Фото: Ашық дереккөзден

Павлодар облысында тұрғын үй өртеніп, екі бала көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 15 қаңтар таңертең Ертіс ауылында болған.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына қоңырау түскеннен кейін 3 минутта жеткен. Бірақ құтқарушылар келгенде үй толығымен өртке оранған. Өрт сөндірушілер үйден үш баланы алып шыққан. Бір бала құтқарушылар келгенге дейін шығарылған.

Екі бала ауруханада көз жұмған. Тағы екі бала ем алып жатыр.

Контекст

Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. 2019 жылы ақпанда Астананың шетіндегі Көктал-1 елді мекеніндегі шағын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмған. Олардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық еді. Өрт болғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен. Қоғамдық резонанстан кейін қаралы отбасына үй берілген. 2024 жылы қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған. Дәл осы жылы ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала көз жұмған. 2025 жылы маусымда Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты ауылында бір отбасының бес бірдей баласы ыс тиіп қаза болған. Үйдің ішінде 30 шаршы метр жер өртенген. Балалар ыстан есінен танып қалған. Кейіннен ауруханада көз жұмған.