Қазақстанда жекеменшік мектептерге қойылатын талаптар қатаңдатылады

Сырым Қаржас
pexels

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерге қатысты талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл талаптар мектеп ашуға болатын орындардан бастап, құрылтайшылардың жауапкершілігіне дейін қамтиды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ведомствоның мәліметінше, алдағы уақытта жаңа жекеменшік мектептер тек шын мәнінде қажеттілік бар өңірлерде ашылады. Лицензиялар ең әуелі үш ауысымда оқытатын мектептердің жүктемесін азайту қажет аймақтарға, апатты жағдайдағы ғимараттарды алмастыруға немесе мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығын жоюға беріледі.

Сонымен қатар құрылтайшыларға қойылатын талаптар да күшейтілмек. Оларға білім беру сапасына, педагогтердің кәсіби даярлық деңгейіне және балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілік жүктеу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, мектеп директорларын тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланған. Бұрын бұл шешімді негізінен құрылтайшы қабылдаса, енді директорларды тағайындау салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімімен жүзеге асырылмақ.

КОНТЕКСТ

Оқу-ағарту министрлігінде 785 жекеменшік мектептің құжаттары цифрлық форматқа көшірілгенін еске салды. Қазіргі таңда елде 890 лицензияланған жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Сонымен бірге Үкімет жаңа ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.