Ресей Қазақстан арқылы Қытаймен байланысудың жаңа жолын тапты

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданында жаңа көпір салынады. Бұл нысан Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейге өтетін шығыс көлік дәлізінің маңызды бөлігіне айналмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Құны 8 миллиард теңгеге бағаланған көпір құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен, деп жазады «Жетінші арна».

Жаңа көпір Шемонаиха ауданында бой көтереді. Қазіргі таңда пайдаланылып отырған өткел 1962 жылы салынған және техникалық тұрғыда тозған. Ескі көпірдің жүк көтеру мүмкіндігі шектеулі, қозғалыс жолағы да аз, сондықтан ол халықаралық транзит ағынына толық жауап бере алмай отыр.

Жоба Қытай мен Ресей арасындағы тауар тасымалын жандандыруға бағытталған. Құрылысты биыл бастау жоспарланып отыр.

РЕСМИ ПІКІР

Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, жаңа көпір өңірдің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырады.

— Ресей Федерациясының шекарасы бізге жақын орналасқан. Сонымен қатар, ірі Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді. Осы бағыт Қытайға шығатын ең қысқа транзит жолдарының бірі болып саналады. Сондықтан жаңа көпірдің салынуы ауданның мүмкіндігін едәуір кеңейтеді, — деді аудан әкімі.

Жоба іске асқан жағдайда Шығыс Қазақстан халықаралық жүк айналымындағы стратегиялық аймақтардың біріне айналуы мүмкін.