Киік аулауға рұқсат бергені үшін 5 млн теңге талап еткен шенеунік ұсталды

Сырым Қаржас
Жайық пресс

ҰҚК БҚО-дағы «Охотзоопром» басшысына қатысты істі растады. Шенеунік киік аулауға рұқсат беру үшін 5 млн теңге алып жатқан жерінде ұсталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰҚК тергеу жүріп жатқанын растады

11 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері «Охотзоопром» мекемесінің батыс филиалының басшысы Арман Құжахметовті 5 млн теңге алып жатқан жерінде ұстаған.

Тергеу мәліметінше, шенеунік кәсіпкерден өңірде киік атуға рұқсат беру үшін ақша талап еткен.

Келесі күні Орал соты күдіктіні екі айға қамауға санкция берді. Іс қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасау бабы бойынша тергеліп жатыр.

— Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ҰҚК редакция сауалына берген жауабында.

Комитет тергеу құпиясына байланысты істің егжей-тегжейін жариялаудан бас тартты.

Құжахметовке не қауіп төнеді?

Бұл бап бойынша айыппұлдан бастап үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Құжахметов «Охотзоопромның» батыс өңірлік филиалын 2020 жылғы наурыздан бері басқарған.