Тоқаевтың қатаң сынынан кейін QazaqGaz геологиялық барлауды шұғыл күшейтпек

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткір сынынан соң QazaqGaz ұлттық компаниясы Қазақстандағы газ қорларын барлау жұмыстарын кеңейтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында QazaqGaz геологиялық барлау бағдарламасын іске асырып жатқанын мәлімдеді. Оның аясында барлау жобаларының портфелі 30 учаскеге дейін кеңейтілмек.

— Орта мерзімді перспективада геологиялық барлау портфелін жалпы ресурстық бағасы шамамен 1,7 трлн текше метр газды құрайтын 30 учаскеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл газ өндіру көлемін арттыруға және болжамды ішкі сұранысты қамтамасыз етуге тұрақты негіз қалыптастырады, — деді Ерлан Ақкенженов.

Жоспарланған кеңейту барлау жүргізілетін учаскелер санын екі еседен астам арттырып, ал болжамды барланған газ қорын үш еседен аса ұлғайтады. Қазіргі таңда жұмыстар небәрі 14 учаскеде жүргізіліп жатыр, олардың алдын ала бағаланған қоры шамамен 515 млрд текше метрді құрайды.

ЖАҢА ИНВЕСТОРЛАР

Министрдің айтуынша, инвестицияларды қолдау және «геологиялық тәуекелдерді бөлісу» мақсатында Қазақстанға жаңа жер қойнауын пайдаланушыларды тарту жоспарланып отыр. Ол үшін шамамен 50 учаске электронды аукционға шығарылмақ.

— Бұл аумақтардағы геологиялық барлау жұмыстары QazaqGaz, «Самұрық-Қазына» қоры және инвесторлар қаражаты есебінен қаржыландырылады, — деп түсіндірді энергетика министрі.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz компаниясын газ өндіру көлемінің төмендігі, штат санының негізсіз көптігі және жоспарлаудың тиімсіздігі үшін қатаң сынға алған болатын.