Сарапшы: Теңіздегі жағдай Қазақстан экономикасына тікелей қауіп төндіреді

Сырым Қаржас
gov.kz

«Теңізшевройл» компаниясы Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны — Теңізден мұнай жеткізуге байланысты форс-мажор жариялады. Бұл ел экспортының басым бөлігіне қауіп төндіруі мүмкін. Ресми себеп — электрмен жабдықтаудағы ақау. Алайда жағдай бұдан да күрделі болуы ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өрт пе, әлде КҚК мәселесі ме?

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов форс-мажордың негізгі себебі трансформатордағы өрт емес деп есептейді.

Оның айтуынша, Теңізден өндірілген мұнай экспортқа шығу үшін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы арқылы өтеді. Ал дәл сол терминалда бірнеше айдан бері күрделі техникалық мәселелер бар.

— Өрттен кейін форс-мажор жарияланғанымен, бұл екі оқиғаның бір-біріне тікелей қатысы жоқ. ТШО-да мұндай жағдайларға арналған қосалқы жүйелер де, резервтер де бар. Сондықтан 18 қаңтардан бастап өндірістің тоқтауы КҚК-дегі проблемалармен байланысты болуы мүмкін, — дейді сарапшы.

Кім өндіруі керек?

Сарапшы Теңіздегі мұнай өндірудің уақытша тоқтауы (мүмкін ай соңына дейін) бүкіл Қазақстан экономикасына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.

Негізгі табыс көзі саналатын мұнай өндірісі мен экспортының қысқаруы:

  • бюджетке түсетін салық көлемінің азаюына;
  • елге келетін валютаның төмендеуіне;
  • теңге бағамының әлсіреу қаупіне әкелуі ықтимал.

Сонымен қатар Теңіздегі қиындықтар мердігер компанияларға төлемдердің тоқтауына да себеп болуы мүмкін.

— Осындай жағдайда NCOC керісінше мұнай өндірісін арттырып жатыр. Ал бізге дәл қазір керегі — керісінше саясат. КҚК-де форс-мажор болып тұрғанда, өндірісті ТШО сақтауы тиіс, ал NCOC көлемді азайтуы керек. Себебі барреліне 80 доллар болған кезде Теңіз бір баррельден 30–35 доллар салық төлейді. Ал Қашаған бар болғаны шамамен 3,5 доллар ғана береді, — деп атап өтті Байділдинов.

КҚК-де не болып жатыр?

Осы уақытта Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы жағдай да күрделі күйінде қалып отыр.

Қараша айында дрон шабуылы салдарынан зақымданған алыс орналасқан айлақ құрылғысы жөндеуге келмейді. Қазір оны толықтай бөлшектеуге дайындық жүргізіліп жатыр.

Ал екінші айлақ жоспарлы жөндеуде тұр. Бұл жұмыстар желтоқсан айында аяқталуы тиіс болғанымен, әлі күнге дейін толық бітпеген.