Ресейдің Екінші Батыс округтік әскери сот радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бастығы генерал-лейтенант Игорь Кирилловқа қарсы жасалған теракт үшін Ахмаджон Курбоновты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ШЕШІМІ
- Курбоновқа түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру және бір миллион рубль көлемінде айыппұл тағайындалсын, — деп сот шешімін жариялады судья.
Алғашқы он жылын ол түрмеде, ал жазасының қалған бөлігін ерекше режимдегі колонияда өтейді.
Іс бойынша қалған үш айыпталушы да ұзақ мерзімге сотталды:
Роберт Сафарян — 25 жылға,
Батухан Точиев — 22 жылға,
Рамазан Падиев — 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Соңғы екеуіне қосымша 200 мың рубль көлемінде айыппұл салынды.
Сот сондай-ақ генералдың жұбайы Светлана Кирилловаға келтірілген моральдық шығын үшін сотталғандардан 7,2 млн рубль өндіру туралы шешім шығарды.
Ал оның ұлы мен майор Илья Поликарповтың жесіріне әрқайсына 10 млн рубльден өтемақы төленуі тиіс.
КИРИЛЛОВТЫҢ ӨЛІМІ
Генерал Игорь Кириллов пен оның көмекшісі майор Илья Поликарпов 2024 жылғы 17 желтоқсан күні таңертең Мәскеудегі Рязан даңғылы бойындағы тұрғын үй ауласында болған жарылыс салдарынан қаза тапты. Кіреберісте тұрған электросамокатқа орнатылған бомба офицерлер үйден шығып келе жатқан сәтте іске қосылған.
Арада бір тәулік өткен соң Мәскеуге келген және терактіні украиналық арнайы қызметтердің тапсырмасымен дайындаған Курбоновтың ұсталғаны белгілі болды. Ол қылмыс үшін өзіне 100 мың доллар және Еуроодақ елдерінің біріне кету мүмкіндігі уәде етілгенін айтқан.
Падиев пен Точиев Курбоновқа хостелден бөлме жалдап берген әрі куратордан келген ақшаны оған жеткізіп отырған. Ал Сафарян Польша аумағынан жеткізілген жарылғыш құрылғының бөлшектерін орындаушыға тапсырған.
Курбонов кінәсін толық мойындады, Сафарян — ішінара, ал қалған екі фигурант айыпты мойындаудан бас тартты. Іс аясында тағы үш адам сырттай қамауға алынып, оларға халықаралық іздеу жарияланды.