Amnesty International халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Қазақстан билігін тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының 19 белсендісін босатуға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Ұйым таратқан мәлімдемеде Amnesty International-дың Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Мари Струтерс Қазақстан билігі қылмыстық заңнаманы белсенділерді қудалау құралы ретінде қолдануды тоқтатып, адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерді толық орындауы тиіс екенін айтқан
«Қазақстан билігі қылмыстық заңнаманы теріс пайдалануды дереу тоқтатып, адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттардың талаптарын орындауға міндетті. «Атажұрт» белсенділеріне тағылған негізсіз айыптар алынып, ұсталғандардың барлығы босатылуы керек. Бейбіт түрде пікір білдіру — билікке немесе Қытай секілді ықпалды геосаяси ойыншыға қолайсыз болғаны үшін қылмысқа жатқызылмауы тиіс», — деген Мари Струтерс.
Amnesty International Қазақстан билігі «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабын белсенділерге қысым жасау үшін тағы да қолданып отыр деп есептейді. Ұйым «Атажұрт» белсенділерін қудалауды тоқтатып, оларды шұғыл түрде бостандыққа шығаруға үндейді.
Аталған бап бойынша айып тағылған 19 белсендінің ісі 23 қаңтар күні Талдықорған қаласында қарала бастайды. Олардың 13-і қамауда отыр, ал алтауы үйқамаққа алынған.
Контекст
13 қараша күні Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Қалжат елді мекені маңында өткен бейбіт акция кезінде бір топ азамат Қытайдың Шыңжаң өңірінде түрлі себеппен ұсталып, «қайта тәрбиелеу лагерлеріне» қамалған этникалық қазақтарды босатуды талап еткен. Сонымен қатар олар Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді жою жөнінде де айтқан.
Наразылық шарасы барысында қатысушылар Қытайға жұмыс істеуге барып, кейін сол елде ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтару жөнінде талап қойды. Оның туыстары Қытай полициясы ұстаған азаматқа араша сұрап, бірнеше рет Астанаға ресми өтініш жолдаған.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай тарапынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан шықпағанын, ал қос азаматтықтың екі мемлекетте де заңмен тыйым салынғанын хабарлаған.
Ulysmedia Әлімнұр Тұрғанбайдың оқиғасы туралы бірнеше рет жазған.
Алматы облысындағы осы оқиғалардан кейін полиция «Атажұрт» қозғалысының 19 белсендісін ұстады. Әуелі олар «бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іске ілікті.
Бұған дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қазақстан билігін Қытай билігінің Шыңжаңдағы саясатына бейбіт түрде қарсылық білдірген «Атажұрт» белсенділеріне тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.