Атышулы МӘМС қорында тағы да жаңа басшы

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

23 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Ернар Ержанов "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұжымына жаңа басқарма төрағасы – Гүлмира Сәбденбекті таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Гүлмира Сабденбек медициналық сала бойынша жоғары білімді, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесіне ие және денсаулық сақтау жүйесінде басқарушылық тәжірибесі мол. Ол әр жылдары жетекші қызметтер атқарып, Ұлттық медициналық холдингтің стратегиялық даму департаментін басқарған, сондай-ақ "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары болған.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ТӘЖІРИБЕСІ

Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің меңгеруші орынбасары қызметін атқарған. Бұл лауазымда әлеуметтік саясат, тұрақты даму, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелерін қадағалаған.

БІРІНШІ ОРЫНБАСАР

Қор ұжымына басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдар Мекебеков те таныстырылды. Ол Қаржы министрлігі жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен. Қызмет жолын салық инспекторы болып бастап, мемлекеттік кірістер және қаржылық бақылау органдарының бөлімдерін басқарған. Бұған дейін Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Соңғы уақытқа дейін "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ұрлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің директоры болған.

ҚОРДАҒЫ БЫЛЫҚТАР

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүргізілген тексеріс жүйедегі үлкен заңсыздықтарды анықтаған еді. Мәселен, Астанадағы бір дәрігер бір күнде 1 442 науқасты қабылдағаны көрсетілсе, тағы бір дәрігер бір айда 4 832 қабылдау жасағаны тіркелген. Құжаттарда қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілгені жазылған, сондай-ақ жүздеген мың скрининг пациенттің жынысына сәйкес келмеген – мысалы, ер адамдарға маммография жасалғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, балаларға дәрілерді жаппай жазып беру және бір адамға бір күнде мыңдаған препарат "жазылған" жағдайлар анықталған.