2025 жылға арналған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша төлем мөлшерін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Үшінші төлем 2026 жылдың 1 ақпанынан кешіктірілмей жүргізіледі. Дәл нақты сома әзірге белгіленбегенімен, Сүлейменовтің айтуынша, балалар өткен жылғыдай шамамен 130 АҚШ долларын (65 мың теңгеден астам) алады.
Бұл төлемді 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін 18 жасқа толмаған Қазақстан азаматтары алады.
ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ ТАБЫСТАРЫ
Сүлейменовтің мәліметінше, 2025 жылы Ұлттық қорды басқарудан түскен табыс 8,7 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – жылдық есепте 15 пайыздық өсім.
"Бұл көрсеткіштер – рекордтық деңгей. Ұлттық қор тарихында мұндай табыс бұрын-соңды болмаған. Сондықтан ол ірі трансферттер мен қордан алынған қаражаттарға қарамастан өсім көрсетті," – деді ол брифингте.
2024 жылы балаларға 100,52 АҚШ доллары аударылса, 2025 жылы бұл сома 129,38 АҚШ долларын құрады. Жыл сайынғы төлем мөлшері Ұлттық қордың валюталық активтер көлеміне және инвестициялық табысына тікелей байланысты.
Төлемдер Ұлттық қордың ұзақ мерзімді инвестициялық табысының жартысынан қалыптасады.
ҚАРАЖАТТЫ ҚОЛДАНУ ШАРТТАРЫ
Аударылған қаражатты азамат кәмелет жасына толғаннан кейін тек білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады. Арнайы шоттардан ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алу мүмкін емес.