Жетісу облысында жол апатынан бес адам қаза тапты

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Жетісу облысында жол апатынан бес адам мерт болды. Әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған екі жолаушы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

24 қаңтар күні шамамен сағат 15:30-да Жетісу облысы Ақсу ауданында "Көшкентал — Қапал" автожолының 4-шақырымында екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы автокөліктер соқтығысқан. Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы шығып, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

– Жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам қаза тапты. Әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған 2 жолаушы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, барлық нұсқалар қарастырылып жатыр. Тергеп-тексеру барысы Департамент басшылығының бақылауында. Полиция қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады, – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматы маңында жол апаты болып, үндістандық студенттер қаза тапқанын хабарлаған едік.