23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Марқұм 2025 жылғы сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
АРНАЙЫ КОМИССИЯ
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес, оқиғаның барлық мән-жайын объективті әрі жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштердің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Марқұмның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілетіні хабарланды.