Президентке парламентті таратуға құқық беру ұсынылды

Ulysmedia
Aqorda

Президентке құрылтайды (парламентті) таратуға құқық беру ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Vlast.kz  сайтының жазуынша, Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін Қазақстан президентіне депутаттардың келісімімен вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін және Жоғары аудиторлық палатының сегіз мүшесін тағайындау құқығы беріледі. Сонымен қатар, егер депутаттар ұсынылған кандидатураларды екі рет кері қайтарса, мемлекет басшысы құрылтайды таратуға құқылы болады. Мұндай ұсыныстарды конституциялық реформаны талқылайтын комиссияның екінші отырысында әділет министрі Ерлан Сарсембаев айтты.

«Егер депутаттар аталған тағайындауларға келісімін екі рет бермейтін болса, президентке құрылтайды тарату құқығы беріледі. Бұл механизм алдын алу сипатында қызмет етіп, саяси күштерді компромис іздеуге және жауапкершілікпен әрекет етуге ынталандырады», — деді Ерлан Сарсембаев.

Сонымен қатар, ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, президент ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қаржылық тұрақтылықты сақтау және құқық үстемдігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты мемлекеттік органдардың басшыларын тағайындай алады. Атап айтқанда, бұл тізімге бас прокурор, Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата, Жоғары сот кеңесі, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің лауазымдары кіреді.

Контекст

20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта жасақталатын бір палаталы парламент «Құрылтай» деп аталатынын, оған 145 депутат енетінін айтқан. 

Жаңа бір палаталы парламентте президенттік және Қазақстан халқы ассамблеясына арналған квотадан бас тарту ұсынылған. Сонымен қатар, депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр.

Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болатыны, комитеттер саны сегізден аспайтыны, депутаттар түгелдей пропорциялық жүйемен, ал жергілікті мәслихаттар мажоритарлық жүйемен сайланатыны туралы айтылған. Бірақ бұл өзгерістердің барлығы түпкілікті қабылданған шешім емес. Референдум кезінде дауысқа салынады.

Ulysmedia бір палаталы парламентке қатысты бұған дейін бірнеше рет жазған. Мақаланы мына жерден оқи аласыздар: «Парламентті күшейтемін десе, президенттің де билігін алу керек»: Сенатты қысқартқаннан не өзгереді?»

Президенттің сөзінше, егер мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген норма заңмен бекітілуі қажет. Қазіргі Конституция бойынша президент қызметін атқара алмайтын жағдайда оның қалған өкілеттік мерзімі сенат спикеріне беріледі.

Бұдан өзге, құрылтайда президент Тоқаев мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқарып, вице-президент лауазымы қайтадан пайда болатынын айтқан. Оны да парламенттің келісімімен президент тағайындайды.

Бірақ бұл елде президенттік билік әлсіреді дегенді білдірмейді.

«Бұл конституциялық жаңашылдықтар президенттік билік институтының әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты әрі шешуші институт ретінде сақталады», – деді Тоқаев сөзінде.

Бастапқыда парламенттік реформа аясында Конституцияның 40-қа жуық бабы өзгеретіні айтылған. Соңғы рет Қазақстанда Конституцияға 2022 жылы ауқымды өзгеріс енгізілген. Референдум нәтижесінде негізгі заңның 33 бабы жаңарған.