Алматыда қытайлық BYD көліктерінің иелері мемлекеттік кірістер комитеті қосымша төлем жасауды талап етіп, есепшоттарын бұғаттап жатқандарын айтып, шағымданды. Олардың сөзінше, көліктерді елге кіргізгенде кедендік рәсімдеу құжаттары толықтай жасалып, мемлекеттік нөмір алғанда ешқандай мәселе болмаған.
“ТАБЫСЫМДЫ ЖОҒАЛТЫП ЖАТЫРМЫН”
Алматы тұрғыны Сәндібек Нариман BYD Destroyer 05 көлігін былтыр сәуірде Қытайдан алып келген. Сол уақытта заң бойынша брокерлер төле деген кедендік төлемдердің барлығын төлеген. Мемлекеттік нөмір алып, көлікті бір жыл бойы ешқандай кедергісіз жүргізіп жүрген. Бірақ жақында есепшотына ешқандай ескертусіз бұғат қойылған.
– Менің ИП-ма бұғаттау келді. Ол ИП-ны мен жаңа жылда ашқанмын, 2026 жылы. Ал машинаны 2025 жылы алып келгенмін. Менің табыс әкелетін ИП-ма бұғат қойып қойды. Мен қазір табысымды жоғалтып жатырмын. Ешқандай ескерту де келген жоқ. Каспийімді ашқанда бұғат келді. Сосын мен не үшін бұғат келді деп зерттедім. [Салық органына] барамын, олар анда бар, мына бар деді. Сосын артынан, мына машинаны кедендік рәсімдеу үшін тағы да бір миллион теңге төлеу керек екені белгілі болды, – дейді ол.
Сәндібек Нариман мемлекеттік кірістер комитетінің шешімімен келіспейді. Ол көлікті алып келгенде барлық төлемді төледім, барлығын заң бойынша істедім дейді.
– «Сен кедендік рәсімдеуді дұрыс жасамадың» дейді. Ол қалай сонда? Мен машина алып келдім. Құжаттарын барлығын өткіздім. Брокер қандай төлем жасау керек заң бойынша, соның барлығын төледік сол кезде. Мен машинаны алып келген кезде «брокер айтады, сен қазақ нөмірі мен техпаспортын алу үшін мынандай-мынандай төлем жасауың керексің» дейді. Олардың түбіртектерінің барлығы бар. Соны төлейміз. СВХ-дан шығарамыз. Нөмір аламыз. Бір жыл айдаймыз. Енді бір жылдан кейін мынандай уведомления келеді. Ол қалай сонда? Дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді ол.
Сәндібек Нариманмен қатар Алматы қаласының Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының алдына онға жуық адам жиналды. Олардың барлығының оқиғалары ұқсас. Кейбіріне Қытайдан көлік алып келгені үшін қосымша төлем төлеу туралы ескерту келсе, енді біріне келмеген, бірден есепшоты бұғатталған.
“БІР АДАМ 1,1 МЛН ҚАРЫЗҒА КІРІП ОТЫР”
Қытайдан BYD Destroyer 05 көлігін алып келгендердің бірі – Дәулет Әшімхан. Оның сөзінше, 2024 жылдан бастап 2025 жылдың қыркүйегіне дейін алдын ала сыныптау шешімдері негізінде жеңілдікпен кедендік рәсімдеу жасалған. Бірақ белгісіз себеппен оның күші жойылып, қайта төлеу талап етіліп отыр.
– Бір адам шамамен 1,1 миллион теңге қарызға кіріп отыр. Машинаның Қытайдағы бағасы 4,5 миллион теңге дейік. Келгені бар, басқасы бар... Енді тағы да келіп, 1,1 миллион дейді. Ол қайдан келді десек, жаңағы пошлина дейді. Пошлинасы бір 700 мың теңгеге шыққан. Оның ар жағында айыппұлымен бірге есептеп отыр. Әй жоқ, күй жоқ, уведомление береді. Сол жерде бір миллион бір жүз мың теңге әрқайсына беріп жатыр. Бес мың адамға 1,1 миллионды көбейтіңіз. Қаншадан шығады? Бес миллиард шыға ма сонда? Сондай болайын деп тұр ғой, – дейді Дәулет Әшімхан.
Ол көлік иелерінің есепшоттарын бұғаттау заңсыз дейді. Сөзінше, бірінші кезекте мемлекеттік кірістер комитеті соны ашуы керек. Содан кейін барып, мәселенің мән-жайын түсіндіруі қажет.
– Мардымды жауап берсін. Әлі күнге дейін біз дұрыс жауап алған жоқпыз. Себебі жауаптары жоқ... Біріншіден, жауап беруі керек. Екіншіден, орысша айтқанда, бұның арлығына «отмена» жасауы керек. Қыркүйек айынан кейін келген машиналарға жақсы, алып тастады, жүз пайыз төлесін. Олардан талап етсін. Ал бізге одан бұрын алып келгендерге неге талап етеді. Сондай мәселелер болып тұр бұл жерде. Әділетсіздік мәселелері болып тұр ғой, – дейді ол.
“КЕЛІСПЕГЕНДЕР СОТҚА ЖҮГІНЕ АЛАДЫ”
Наразы көлік жүргізушілерінің алдына өзін Камералық кедендік тексеру бөлімінің басшысымын деп таныстырған Ержан Батырбекұлы шықты. Ол BYD Destroyer 05 көлігінің иелеріне қосымша төлем келуін кедендік бақылау тәртібімен байланыстырды.
– BYD Destroyer 05 көлігін алып келген кезде бұл кісілер кедендік жіктеу кодын нөлдік пошлинамен алып келген. Кеденді реттеу туралы кодекске сәйкес, кедендік бақылау тауар шыққанға дейін және кейін болып бөлінеді. Сол сияқты шыққанға дейін кедендік бақылау жүргізілмеген. Нақты кодының жіктелуіне байланысты. Енді кедендік тауарлар шығарылғаннан кейін, кедендік бақылау үш жылдың ішінде қарастырылады. Үш жылдың ішінде біз кедендік бақылау жүргіздік. Бұзушылық белгілерін анықтадық. Ол BYD Destroyer-дың ресми өкілінің техникалық құжаттары негізінде кодының дұрыс жүктелмегені анықталды. Сол себепті бұзушылықтар бойынша хабарлама түзілді, – дейді ол.
Ержан Батырбекұлы қосымша төлем мен есепшоттары бұғаттауға келіспеген азаматтар сотқа жүгіне алатынын жеткізді.
– Біз хабарлама түздік қой. Енді оны жоғары тұрған органға арыздана алады. Егерде ол жақ біздік департаменттің шешімін дұрыс деп таныса, онда сот органдарына жүгіне алады. Бұл жерде сол сот отырысында барлығы қарастырылады. Айтып жатыр ғой, BYD-дың ресми өкілінің құжатын көрсетпедіңіздер деп жатыр. Сотта біз көрсете аламыз. Сот бәрібір шығарады қай жақтікі дұрыс екенін. Тек ғана осы жағдайда бір мәміле бола алады. Алматы қаласы бойынша, жүз алпыстай хабарлама түзілген. Оның қазір үштен бірі өз еркімен төледі, – деді мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.
Көлік иелері BYD Destroyer 05 көлігіне қатысты ресми өкіл берді деген құжаттың өзі дұрыс емес дейді. Сөздерінше, онда машинаның техникалық тексерістен өткені туралы хаттама жоқ.
Кеден комитетінің сыныптау бөлімінің бас маманы Динара Шүйкебаева BYD Destroyer 05көлігіне қатысты ресми өкілге хат жолданып, машинаға қатысты мәліметтер алдық деді. Бірақ ол құжат ішкі пайдалануға арналғандықтан көрсете алмайтынын айтты.
– Әртүрлі СБКТС-тардың, әртүрлі ақпараттардың болуына байланысты біз ресми дилерге хат жаздық. Осындай-осындай машиналардың қозғалтқыштары қандай болады деп. Осы сұраққа олар өндіруші зауытқа сауал жібере отырып, бізге нақты жауап қайтарылды. Осының негізінде біз шешім қабылдадық, – деді ол.
Бұдан бөлек, Динара Шүйкебаева Қазақстанда BYD Destroyer 05 көлігінің қозғалтқышын тексере алатын құрық екенін айтты. Сол себепті де көліктің техникалық мәліметтерін өндірушіден сұратуға мәжбүр.
Көлкі иелерінің сөзінше, елге 5 мыңға жуық BYD Destroyer 05 автокөлігі кірген. Бірақ нақты қанша адамға қосымша төлем төлеу хабарламасы жіберіліп, есепшоты бұғатталғаны белгісіз.