Назарбаевтың «оң қолы» мінген Rolls-Royce кімге бұйырды

Ulysmedia
sauda.e-qazyna.kz

Қылмыстық топ құрып, рейдерлік жолмен ірі компанияларды басып алған атышулы Елдос Қоспаевтан тәркіленген Rolls-Royce сатылымға шығарылып, аукционда жаңа иесін тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бағасы бірнеше есе төмендеді

Тергеу материалдарында Болат Назарбаевтың сенімді адамы ретінде аталған Қоспаевтың қымбат көліктерінің бірі — 2013 жылғы Rolls-Royce Ghost Family енді мемлекет меншігінде емес.

Аукцион Алматыда өтті. Мемлекет бұл көлікті бастапқыда 187,7 млн теңгеге бағалаған. Алайда сауда барысында баға күрт төмендеп, 26 727 396 теңгеге дейін түсті.

Бұл сома тіпті ресми бағалау құнынан да әлдеқайда төмен — сарапшылар көлікті шамамен 62,5 млн теңгеге бағалаған еді.

Кілтсіз, құжатсыз көлік

Көліктің осыншама арзанға сатылуы ешкімді таңғалдыра қоймады. Себебі бағалау құжатына сәйкес, көлікте:

  • тұтандыру кілті жоқ,
  • техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмірлер жоқ,
  • 6,7 литрлік қозғалтқышқа толық тексеру жүргізу мүмкін болмаған.

Яғни сатып алушы оның нақты техникалық жағдайын алдын ала тексере алмаған.

Енді жаңа иесіне көліктің электронды жүйесін қайта қалпына келтіру, құлыптарын ашу және бұрынғы иесінен қалған салықтар мен айыппұлдарды өз есебінен өтеу міндеті жүктеледі.

Қоспаевтан тәркіленген мүліктер

Бұл Rolls-Royce — Елдос Қоспаевқа тиесілі ауқымды мүліктің бір бөлігі ғана. Тергеу деректерінде ол ұзақ жылдар бойы Болат Назарбаевтың “оң қолы” ретінде аталған.

2025 жылдың қаңтарында сот Қоспаевқа қатысты істі аяқтап, оны қылмыстық топ құрып, рейдерлік жолмен ірі компанияларды басып алған деген айыппен кінәлі деп таныды. Оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Тергеу материалдарына сәйкес, бұл топ қысым мен қорқыту арқылы активтерді өз адамдарының атына рәсімдеп отырған.

Мемлекет келтірілген жалпы шығынды 18 млрд теңгеден астам деп бағалаған. Сол шығынды өтеу үшін 18 люкс автокөлік, 150-ден астам жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар және шамамен 9 млн доллар қолма-қол ақша тәркіленген.