Президент Іс басқармасымен байланысты компанияға 54 млн теңге айыппұл салынды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Астанадағы қоқысқа қатысты дау күтпеген жерден Президент әкімшілігімен аффилирленген құрылымдарға алып келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Astana Recycling Plant компаниясы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, сұрыптау және қайта өңдеу қызметтері бойынша бағаны негізсіз қымбаттатқан. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді.

Қымбат тарифпен шығарылған қоқыс

Монополияға қарсы органның анықтауынша, компания қызмет құнына қоқыс өңдеуге еш қатысы жоқ шығындарды енгізу арқылы тарифтерді жасанды түрде көтерген. Соның салдарынан нарық тұтынушылары экономикалық негізсіз әрі баламасыз жағдайда артық төлем жасауға мәжбүр болған.

Сот антимонополиялық органның тұжырымдарымен келісті. Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты Astana Recycling Plant компаниясына 54 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Ведомствоның мәліметінше, айыппұл толық көлемде төленген.

Қоқыс бизнесі кімге тиесілі

Қағаз жүзінде бұл — қарапайым қоқыс өңдейтін компания. Алайда меншік құрылымына үңілгенде, мәселенің қалдықтан гөрі ықпал мен аффилирленуге қатысты екені анық байқалады.

Astana Recycling Plant компаниясының құрылтайшысы ретінде Virida Group ЖШС көрсетілген. Оның үш иесі бар:
– «Жасыл Полигон» ЖШС,
– «А-20 басқарушы компаниясы» ЖШС,
– бұрын БТА банкінің корпоративтік бизнес департаментін басқарған кәсіпкер Мақсат Шәкіртoв.

Егер «Жасыл Полигон» жеке тұлғаға тиесілі әрі ашық ақпаратта көп көрінбейтін компания болса, «А-20 басқарушы компаниясы» әлдеқайда назар аударарлық құрылым саналады.

Ашық деректерге сәйкес, оның жалғыз бенефициары — мемлекеттік «Астана-20» қоры, ал бұл қор Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына тікелей қарайды және сол орган арқылы басқарылады.

Осылайша Бәсекелестікті қорғау агенттігі кез келген жеке компанияны емес, президенттік әкімшілікпен тікелей аффилирленген кәсіпорынды айыппұлға тартқан болып шықты.

Назарбаевадан Президент Іс басқармасына дейін

Алайда мұнда маңызды бір жайт бар. Astana Recycling Plant компаниясы жауапкершілікке тартылған заңбұзушылықтарды 2023 жылы, яғни компания Green Future Management Ltd құрылымының меншігінде болған кезеңде жасаған.

Бұл компания экс-президенттің қызы Әлия Назарбаевамен байланысты болған. Аталған құрылым бұған дейін утильалым жүйесіндегі ашық емес қаржылық тетіктерге қатысты атышулы «Оператор РОП» ісінде де аталған.

Сот барысында «Оператор РОП»-тың бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек Назарбаеваға тиесілі құрылымдардың шотына әр кезеңде «уақытша қаржылай көмек» деген желеумен бір миллиард теңгеден астам қаражат аударылғанын мәлімдеген.

Соған қарамастан, Әлия Назарбаева бұл қылмыстық іс аясында күдікті ретінде де, тіпті куә ретінде де жауапқа тартылмаған.

Әлі күнге дейін басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр: Назарбаевамен байланысты компания қалай және қандай жағдайда Президент Іс басқармасына қарайтын мемлекеттік қордың қарамағына өтті? Бұл актив қашан, қандай шартпен және кімнің шешімімен алынғаны жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ.