Марқұмның отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов әлеуметтік желілерде Нұрай Серікбайдың видеосы пайда болғаннан кейін тиісті органдарға шағым түсірілгенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тергеу мән-жайды анықтап жатыр
Жақында желіде Нұрай Серікбайдың видеосы тарады. Онда ол жас жігітпен өз еркімен кеткенін айтқандай көрінеді. Аталған бейнежазба оның қаза болуынан бұрын түсірілген. Марқұмның отбасының адвокаты бұл жағдайды тергеу құпиясының бұзылуы деп бағалады.
– Интернетте тарап жатқан видеоны жариялау заңды ма, заңсыз ба — оған тергеу органдары баға береді. Қорғау тарапы ретінде біз мұны тергеу барысында пайдаланылатын дәлелдер деп есептейміз. Тергеу аяқталғанға дейін мұндай материалдарды жариялауға болмайды. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Соңғы шешімді тергеу шығарады. Қазіргі таңда тергеу сапалы әрі объективті жүргізіліп жатыр. Видеоны жариялау Нұрайдың туыстарына ауыр соққы болды. Олар бірден маған хабарласты, — деді адвокат.
Қарсылық көрсете алмаған
Видео түсірілген сәтте Нұрай психологиялық және моральдық тұрғыдан қатты күйзелісте болған. Бұл туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай айтты.
— Біз көрген кезде жүрегіміз қысылды. Нұрай екі-үш күн бойы дұрыс ұйықтамаған, тамақты да дұрыс ішпеген. Оған қысым жасалған. Ақыл-есі дұрыс адам оның өз еркімен сөйлеп тұрғанын не тұрмағанын айыра алады. Ал оны алып қашқан сәт түсірілген басқа видеода Нұрайдың орамалын шешуге тырысып, барынша қарсыласқаны анық көрінеді, — деді ол.
Қыз бала үлкендерді әрдайым құрметтеген. Мінезі жұмсақ болған.
— Сол себепті оны алып қашқан кезде белсенді түрде қарсы тұра алмады. Ол сәтте айналасында шамамен 50 адам болды, ал өзі жалғыз еді, — деп еске алады қаза тапқан қыздың ағасы.