Қазақстанда азаматтардың табысы мен шығысын салыстыру жүйесі енгізіледі. Тексеру жұмыстары келесі жылдан бастап іске қосылады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әңгіме әртүрлі мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерді біріктіретін жүйе туралы болып отыр. Онда адамның қайда және қаншалықты жиі ұшатыны, қанша қаражат жұмсайтыны, атына қандай мүлік рәсімделгені, сондай-ақ букмекерлік ставкаларға қатысатыны сияқты деректер көрініс табады.
Бұл мәліметтер салықтық және қаржылық бақылау мақсатында пайдаланылмақ. Ержан Біржановтың айтуынша, аталған тетік тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, барлық азаматтарға қатысты қолданылады. Егер адамның шығысы оның ресми табысынан айтарлықтай асып кетсе, бұл тексеруге негіз болады.
Атап айтқанда, шетелге шығу кезінде және мүлік сатып алуда қаражаттың декларацияланған-декларацияланбағаны тексеріледі. Вице-министр бұрын мемлекетте мұндай деректердің барлығы болмағанын атап өтті. Дерекқорларды біріктіру бірнеше жылға созылып, заңнамаға өзгерістер енгізуді талап еткен. Қазір жүйе қателіктер мен дәлсіздіктерге жол бермеу үшін толық іске қосуға дайындалып жатыр.
ТЕКСЕРІС ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?
Табыс пен шығысты талдау 2027 жылдан басталады. Мәселен, азамат 50 млн теңге табыс тапқанын көрсетіп, ал шығыны 100 млн теңге болса, бұл жағдайға сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың назары түсуі мүмкін.