Генерал Чжанның күйреуі: Қытай билігіндегі екінші адамның ұсталуы нені білдіреді?

Ulysmedia
Чжан Юся. Фото: Ng Han Guan / AP

Қытайда генерал Чжан Юсяға қатысты тергеу басталды. Ол елдің әскери элитасындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі болып саналады және Қытай Коммунистік партиясының ең жоғарғы әскери органы — Орталық әскери комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Настоящее время басылымының жазуынша, Чжан Юсяны тергеуге алу туралы шешім 24 қаңтарда жарияланған. Ресми мәлімет бойынша, генералға сыбайлас жемқорлық айыбы тағылып отыр. Бұл іс басталғаннан кейін Қытай Коммунистік партиясының басшысы Си Цзиньпин елдің әскери иерархиясының ең жоғарғы сатысында іс жүзінде жалғыз қалған.

Қытайдың Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеге сәйкес, Чжан Юся «ауыр тәртіптік және заңнамалық бұзушылықтарға» қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған. Сондай-ақ осыған ұқсас айыптаулар бойынша тағы бір генерал — Орталық әскери комиссияның Бас штабының бастығы Лю Чжэньли де тергеуге алынған.

Қытай саяси жүйесінің тұйық әрі ашық болмауы Си Цзиньпиннің әскери қолбасшыларды тергеуге алуға қатысты нақты қандай себептерді басшылыққа алғанын дөп басып айту қиын. Дегенмен Чжан Юсяның тұтқындалуы Си Цзиньпиннің сәуір айында Пекинде  АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі қарсаңында, сондай-ақ Қытай басшылығындағы кезекті кадрлық өзгерістерге дайындық кезеңінде жүзеге асып отыр.

Қытайда мұндай ауқымды саяси ауыс-түйістер бес жыл сайын болып тұрады. 2027 жылы Си Цзиньпин төртінші рет Қытай Халық Республикасының көшбасшысы болып сайлануға ұмтылады деген болжам бар. 

Wall Street Journal газеті дереккөздеріне сілтеме жасап, «Чжан Юся АҚШ-қа Қытайдың ядролық бағдарламасы туралы құпия мәліметтерді берді деп айыпталып отыр» деп жазды. Сондай-ақ оған «қарамағандағы офицерлерден жоғары әскери лауазымдарға тағайындау үшін пара алған» деген де айып тағылған.

Чжан Юся деген кім?

Чжан Юся да Си Цзиньпин сияқты политбюро мүшесі және Қытайдағы «ханзадалар» қатарына кіреді. Бұл атау революционерлердің үлкен ұрпағы мен жоғары лауазымды партиялық шенеуніктердің ұрпақтарына берілген. Чжанның әкесі Қытайдағы азаматтық соғыс кезінде Сидің әкесімен қатар шайқасқан. Бұл соғыс 1949 жылы билік басына коммунистердің келуімен аяқталған. Кейін екеуі де жоғары лауазымдарға көтерілген.

Сонымен қатар, Чжан Юся Қытайдың нақты әскери тәжірибеге ие аз ғана генералдарының бірі болған. Ол 1980 жылдары қытай-вьетнам қақтығысына қатысқан.

Қытайдың жоғары әскери билігіндегі ауыс-түйістер бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2023-2025 жылдары аралығында Қытайда шамамен 20 генерал қызметінен босатылған.