Петропавлда сталкингке қатысты бірінші үкім шықты

Сырым Қаржас
depositphotos

Петропавлда елдегі алғашқы «сталкинг» бабы бойынша алғашқы үкім шықты, 37 жастағы ер адам әйелді айлар бойы аңдығаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 7152.kz-ке сілтеме жасап.

Петропавл қаласында Қазақстанда алғаш рет Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы — «Сталкинг» бойынша сот үкімі шықты. Жауапкершілікке 37 жастағы жергілікті тұрғын тартылды. Ол бір жарым жылдан астам уақыт бойы әйел адамды жүйелі түрде қудалап келген. Полиция мәліметінше, ер адам жәбірленушіні аңдып, қарым-қатынасқа күштеп тартуға тырысқан әрі оның өзімен де, айналасындағы адамдармен де жанжал туындатқан.

Бір жарым жылға созылған қысым

Жәбірленушінің айтуынша, тұрақты қудалау салдарынан ол қала ішінде еркін жүріп-тұрудан және адамдармен араласудан қорқатын күйге түскен. Бұған дейін күдікті құқық қорғау органдарының назарына бірнеше рет іліккен — боқтық сөздер айту, дене жарақатын салу және әйелдің танысына шабуыл жасау фактілері тіркелген. Жағдай Қылмыстық кодекске сталкинг туралы жаңа бап күшіне енгеннен кейін құқықтық тұрғыда бағаланды.

Бейнежазба басты дәлелге айналды

2025 жылдың күзіне қарай айыпталушы жәбірленушімен байланыс орнатуға екі рет қайта әрекет жасаған. Сол сәттердің бірі подъездегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған, бұл кадрлар істің негізгі дәлелі ретінде қылмыстық іске тіркелді. 22 қаңтар күні әйел полицияға қайта жүгінді. Тергеу қысқа мерзімде жүргізіліп, іс сотқа жолданды.

Қандай жаза тағайындалды

28 қаңтарда сот үкім шығарды: 100 сағат қоғамдық жұмыс. Сонымен қатар, ер адамға алкоголь тұтынуға тыйым салынды, профилактикалық әңгімелесулер үшін полицияға тұрақты түрде келіп тұру міндеттелді және жәбірленушімен кез келген байланысқа толықтай тыйым салынды. Үкімнің әзірге заңды күшіне енбегені атап өтіледі.