Талдықорғанда теміржолда газ тиелген цистерналар аударылды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Талдықорғанда теміржол желісінде газ тиелген екі цистерна аударылып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға 31 қаңтар күні кешкі уақытта Абылай хан көшесіндегі тұйық теміржол учаскесінде болған. Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, сағат 21:23 шамасында пропан тиелген екі вагон рельстен шығып, бүйірімен құлаған. Газдың сыртқа шығуы тіркелмеген.

Оқиға орнына 25 құтқарушы мен 7 техника, сондай-ақ полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері жеткен. Жедел штаб құрылған. Теміржол төсеміне зақым келмеген, зардап шеккендер жоқ. Жағдай толық бақылауда.

Қауіпсіздік мақсатында қауіпті учаске уақытша қоршалды. Құтқарушылар тұрғындарды сабыр сақтап, сақтық шараларын ұстануға үндеді.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 22 желтоқсанда Жамбыл облысындағы Түрксіб станциясында жүк пойызының бірнеше вагоны рельстен шығып кеткен еді.