«Мен де Бишімбаевқа тап болдым»: Желіде тағы бір актриса күйеуінің қудалауына ұшырағанын айтты

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Белгілі қазақстандық блогер және актриса Анель Аманғалиева күйеуі ізіне түсіп, жарты жылдан бері маза бермей жүргенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МЕН ДЕ «БИШІМБАЕВҚА» ТАП БОЛДЫМ

Желіде блогер Анель Аманғалиева «Бишімбаевпен» бетпе-бет кездескенін мәлімдеді. Оның айтуынша, М.Б. есімді ер адам ресми құжаттар бойынша әлі күнге дейін оның күйеуі болып саналады және жарты жылдан астам уақыт бойы ажырасуға мүмкіндік бермей келеді.

Актриса күйеуінің интимдік сипаттағы суреттер арқылы қысым көрсетіп, тіпті өлтіремін деп қорқытқанын айтады. Threads әлеуметтік желісінде ол бұл жағдайларды жарияламай тұрып алған хат-хабарламаларының бір бөлігін көпшілікке ұсынды.

Анель Instagram-дағы жазбасында 2024 жылдың соңында баласымен бірге жаңа некеге тұрғанын хабарлады. Ал бұрынғы күйеуімен ол 2014 жылдан бері таныс болған. Оның айтуынша, ер адамның іскерлік қабілетіне деген құрметі мен таңданысы некеге тұруына себеп болған, екеуі ұзақ уақыт бойы дос болып араласқан.

«Мәселе ресми түрде некеге тұрған сәттен басталды. Ол менің басқа жігітпен кездескенімді біліп қалып, қатты ашуланды. Мені қорлап, тек өзі ғана қабылдай алатынын айтты. Мен өзімді кінәлі сезіне бастадым. Қоштасуды ұсынғанымда, ол мені жібергісі келмеді. Алты ай бойы бірде ұрысып, бірде татуласып жүрдік. Ол мені жаман адам екеніме сендірді», – дейді актриса.

Осы себепті олар бірге тұрмаған. Күйеуі қымбат сыйлықтар ұсынып, бірге демалысқа шығуға шақырғанымен, Анель өзін қауіпсіз сезінбегендіктен, оның үйіне көшуден бас тартқан. Ол кезде күйеуінің компаниясында жұмыс істегендіктен, табысынан айырылып қалудан қорыққанын да жасырмайды.

Анельдің айтуынша, өткен жылдың маусым айында олар Грузияға барған кезде күйеуі оны ұрып, мұрнын сындырған. Алайда дәрігерге ол Қазақстанға оралған соң ғана қаралған. Сол кезде ер адам жедел жәрдем шақырмаған. Невропатологқа барып, ми мен мойын аймағына КТ түсірген, себебі күйеуі оны қылқындырған. Дәрігер тиісті құжаттар берген. Мұрынның сынғанын ол бастапқыда білмеген, тек тыныс алуы қиындаған соң рентген арқылы анықталған.

Осы оқиғадан кейін Анель қарым-қатынасты толық үзуді шешкен. Ол бұрынғы жұмысынан кетіп, қоқан-лоқыларға жауап бермей, өз ісін бастаған. Оның сөзінше, ер адам оның қаржылық тәуелсіз екенін түсінген соң мінез-құлқы тіпті нашарлаған. Актриса бірге тұрмауы өзін зорлық-зомбылықтан қорғағанын айтады.

Келесі жанжал Алматыда болған. Күйеуінің басқа әйелмен хат жазысқанын көрген соң қоштасуды ұсынуы төбелеспен аяқталған.

Тағы бір оқиға Ташкент әуежайында болған. Анельдің айтуынша, ер адам оны қорқытып, телефоны мен сөмкесін тартып алып, кейін сөйлесетінін айтқан. Осыдан кейін актриса өз қауіпсіздігі үшін жасырынуға мәжбүр болған.

Қоқан-лоқыларға мән бермеген соң бұрынғы күйеуі интимдік фото және видеоларды таратып қорқытуға көшкен. Ол жалған аккаунттар ашып, актрисаның таныстары мен клиенттеріне жазған, кейін парақшаларды өшіріп, жаңаларын ашып отырған. Тіпті Анельдің клиенттерімен де байланысқа шыққандықтан, актриса әріптестеріне жағдайды түсіндіруге мәжбүр болған.
Анельге тағы бір әйел 2025 жылдың қараша айынан бері осы ер адамның қудалауына ұшырап жүргенін айтқан. Әлеуметтік желілерде актриса бұрынғы күйеуінің бірнеше әйелмен жазысқан хаттарын жариялады. Ол әйелдер де ер адамның танысу сайттары арқылы әдепсіз суреттер жіберіп, қорқытқанын мәлімдеген.

Сонымен қатар, Анель бұрынғы күйеуінің ірі компанияларда басшылық қызметтер атқарғанын және Жасанды интеллект министрлігімен бірлескен жобаларға қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

СТАЛКИНГ ҮШІН ҚАНДАЙ ЖАЗА КӨЗДЕЛГЕН

2025 жылғы 16 қылкүйектен бастап сталкинг туралы жаңа заң күшіне енді. Енді жеке тұлғаның шекарасын бұзып, психологиялық қысым көрсеткендер жазаға тартылады. Сталкингке қудалау мақсатында қайталанатын қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желілерде бақылау жасау; адамды аңду, оның жүріс-тұрысын бақылау; үйіне немесе жұмыс орнына келіп, онымен байланысуға мәжбүрлеу; қорқыту немесе қоқан-лоқы көрсету жатады. 

Заңгер Рауан Қалиевтің айтуынша, әлемдік статистика бойынша әйелдердің 80%-ы сталингке ұшырайды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда статистика жоқ. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, көбіне ерлі-зайыптылар, кәсіпкерлер бір-біріне сенбей осындай қадамға барады. Сондай-ақ оқушы, студент, қыз бен жігіттің арасындағы қарым-қатынаста байқалады. Бізде мұндай қадамға барғандар 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл төлейді. Сондай-ақ түзеу жұмыстарына тартылып, 50 тәулікке дейін қамалады. Ал Ұлыбританияда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және айыппұл, Австралияда 5-тен 10 жылға дейін түрмеге қамау қарастырылған»,  - дейді заңгер. 

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ 

Блогер Алматы қалалық полиция департаментіне арызданған және қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.

«Аталған дерек бойынша нақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатын болады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда»,  - делінген полиция хабарламасында.


БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске салайық, 2024 жылғы 13 мамырда Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Экс-министрдің жұбайы марқұм Салтанат Нүкенова да құрбыларына күйеуінің ажырасуға жол бермей, әр жолы кешірім сұрап, кейін телефонын тексеріп, үнемі бақылауда ұстайтынын айтқан. Қызғаныштың соңы қайғылы аяқталып, Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелін өлтіріп тынды.