Билік мектептер мен балабақшалардағы санэпидбақылаудың әлсіздігін мойындады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда балалар мекемелеріне қатысты санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың ерекше тәртібі енгізіледі. Бұл тәртіп кенеттен жүргізілетін тексерулерді, кеңейтілген өкілеттіктерді және нысандардың жұмысын уақытша тоқтатуға мүмкіндік беруді көздейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанова мәлімдеді.

Зиян келгеннен кейін ғана тексерілген

Рахымжанованың айтуынша, қолданыстағы бақылау тәртібі алдын алу шараларын қамтамасыз ете алмаған. Тексерулер улану жағдайлары, инфекция ошақтары тіркелгеннен немесе өрескел заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін ғана жүргізілген. Алдын алу емес, салдармен күрес басым болған. Ведомство мұның салдары ретінде бірқатар жүйелі проблемалардың туындағанын мойындады. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының жаппай тағамнан улануы; балабақшаларда, интернаттар мен лагерьлерде санитариялық талаптардың жиі бұзылуы; балалар арасында қызылша, көкжөтел және туберкулез ауруларының көбеюі; вакцинация бойынша жалған есептер; медицина ұйымдарының эпидемияға қарсы шараларды кеш қабылдауы. Бұл ретте мекемелер бюджеттен қаржыландырылғанымен, балалардың нақты қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.

2026 жылдан бастап не өзгереді

Санэпидбақылаудың ерекше тәртібі мектептерге, балабақшаларға, мектеп асханаларына, медициналық пункттерге, интернаттарға және балалар білім алып, тамақтанып, мемлекет есебінен медициналық көмек алатын өзге де нысандарға қолданылады. Сонымен қатар, бюджет қаражатын алатын жекеменшік компаниялар да тексеріледі.

— Өз кезегінде, адал жұмыс істейтін бақылау субъектілері де тексеруден жиі жалтара бастады. Себебі СЭБ органдарының негізгі назары көбіне айыппұл салу түріндегі әкімшілік ықпалға бағытталғанын білді. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді, — деді комитет төрағасының орынбасары.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі — міндетті алдын ала ескерту тәртібінің алынып тасталуы. Енді тексерулер кенеттен жүргізіледі. Бұл СЭБ келер алдында «көрсетілімдік тазалық» жасауға жол бермеу үшін қажет. Сондай-ақ бақылаушы органдар мектеп ішіндегі барлық нысанды — асхана, медпункт, спортзалдарды бір мезгілде тексеріп, оқу мен тамақтану жағдайын кешенді бағалай алады.

БАҚ — тексеруге негіз

Тағы бір қатаң өзгеріс — бұқаралық ақпарат құралдарында фото және видео дәлелдермен жарияланған материалдар жоспардан тыс тексеруге негіз болады. Бұған дейін санитариялық органдар жария түрде белгілі болған заңбұзушылықтарға да әрекет ете алмай, бұл қоғамда резонанс пен шағымдарға себеп болған.

Шағын бизнеске «қорғаныс» болмайды

Алғашқы үш жылда шағын және микробизнесті тексеруге тыйым салатын норма да алынып тасталады. Комитеттің мәліметінше, дәл осы талап СЭБ-тің мектеп асханаларына кіруіне кедергі келтірген, өйткені тамақ жеткізушілердің басым бөлігі осы санатқа жататын. Алғаш рет анықталған заңбұзушылықтар үшін айыппұл салынбайды, нысанға кемшіліктерді түзетуге уақыт беріледі. Алайда бұзушылықтар балалардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе жойылмаса, жедел шаралар қолданылады: мекеме жұмысы тоқтатылып, қызметке тыйым салу және қызметкерді шеттету мүмкін.

Жауапкершілік күшейтіледі

Алғаш рет санитариялық дәрігерлер бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне — қаржыландыруға жауапты шенеуніктерге қатысты ұсыныс енгізу құқығына ие болады.

— Бұл облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мектеп директорлары, емханалар мен балабақша басшыларының қаржы шығынын талап ететін заңбұзушылықтар үшін СЭБ айыппұл салуына қатысты орынды шағымдарын болдырмауға мүмкіндік береді, — деді Марал Рахымжанова.

Іс жүзінде билік мектептер мен балабақшалардағы формалды санэпидбақылаудың нәтиже бермегенін мойындап отыр. 2026 жылғы ақпанда күшіне енетін жаңа тәртіп «төтенше жағдайдан кейінгі тексерулердің» орнына балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған нақты алдын алу жүйесін қалыптастыру талпынысы ретінде ұсынылды.

Фактілер

Еске салайық, 2026 жылғы қаңтарда Түркістан облысының прокуратурасы 70-тен астам мектеп асханасында санитариялық талаптардың өрескел бұзылғанын хабарлаған. Асханалар санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз, яғни балаларға тамақ дайындаудың қауіпсіздігі ресми расталмай жұмыс істеген.

Ал 2024 жылғы қыркүйекте Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланған еді. 400-ден астам бала құсу, іштің ауруы, дене қызуының көтерілуі мен іш өту белгілеріне шағымданған. Ондаған оқушы Ақтау қаласының ауруханаларына жатқызылды. Тексеру кезінде асханадан ішек таяқшасы табылып, қызметкерлерден стафилококк анықталған. Ал дизентерия қоздырғышын таратушы ретінде ыдыс жуушы әйел танылған. Сот кәсіпкер Дәметкен Шакенованы санитариялық ережелерді бұзғаны үшін кінәлі деп танып, ең төменгі қауіпсіздік колониясында бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.