"Мемлекеттік тіл біреу": Қарин қазақ тілінің мәртебесі туралы мәлімдеме жасады

Рая Минап
Фото: видеодан алынды

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл мәртебесін сақтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын 1-бөлімнің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілі нақты әрі тікелей көрсетілген. Осыған байланысты Мемлекеттік кеңесші елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін атап өтті.

- Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл мәселесі ешқандай күмән тудырмайтындай етіп айқын жазылған. Атап айтқанда, жаңа жобада «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі деп нақты белгіленген. Бізде мемлекеттік тіл біреу ғана. Ол — қазақ тілі. Өзге мемлекеттік тіл жоқ,  – деді ол.

Ерлан Қарин қазақ тілінің мәртебесі берік екенін айтып, мемлекеттілікті сақтау мен ел бірлігінің маңыздылығына ерекше тоқталды.

- Мемлекетіміз бар кезде қазақ тілі өз тұғырынан ешқашан түспейді. Сондықтан ең басты міндет — мемлекетті сақтау, оны қорғау және ең алдымен ел бірлігін ойлау, - деді мемлекеттік кеңесші.

КОНТЕКСТ

Қазақстанда Конституцияның жаңа жобасы қазір кеңінен талқыланып жатыр. Жаңа Конституцияның жобасы 11 бөлімнен, 95 баптан тұрады. Айта кету керек, бұрынғы Конституциядағы нормалардың шамамен 84 пайызы жаңартылған.