"Есермен егесу – естінің ісі болмайды": Бапи тіл мәртебесіне қатысты ойын айтты

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңа Конституция жобасындағы тіл мәртебесіне қатысты пікірлерге ойын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ АЙТЫЛҒАН СЫН

Депутаттың айтуынша, бүгінгі қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде, соңғы алты ай көлемінде сұлбасы жасалған конституциялық өзгерістерге қатысты батыл, бірақ бір жақтан сыңаржақ сындар көп айтылған.

- Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауы тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек! Иә, жаңа Конституцияның жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайтын еді. Бірақ қазақта «басқа пәле – тілден» деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керекті, - деді депутат.

ТІЛДІ ӨЗГЕГЕ БАЙЫППЕН ТАҢА БІЛУ КЕРЕК

Депутпат үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді деп пайымдайды.

- Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу – естінің ісі болмайды. Осы орайда Қызылорда Құрылтайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан бір сөз санаға орала береді: «Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. «Ұлт мүддесін желеу етіп, бос айқайға басатын, одан қалды азаматтарымыздың отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ», - деген еді мемлекет басшысы.Бүгінгі әлеуметтік желілердегі дабыраға қиқу қосып, қоғамды қажетсіз толқуға шақырып жүрген жекелеген желікпе псевдо-патриоттардың қылығына ішің ашиды. Бір ғана «КТК» мұнай құбырындағы апат елді қандай қаржылық қауіпке тап қыларын бастан кешіре тұра, біз әлдекімге сес көрсетіндей қай артымызға сенеміз? «Сауда соғысы» /президент Трамптың пошлина шоқпарын еске алыңыз/ мен әлем картасын бөлістерге сала бастаған қатерлер қаулаған заманда, Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық бізді орыны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін. Әлдебіреулер тағы да фронт ашамыз деп бізге сес көрсетіп, сыртқы дүние теңселіп тұрған кезде, біз өз қолымызбен ішкі дүниемізді дүрбелеңге салуға қақымыз жоқ!», - деп Бапи халықты сабырға шақырды.

БҰҒАН ДЕЙІН

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл мәртебесін сақтайтынын мәлімдеген еді.