Нұрай ісі: күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Рая Минап
Видеодан скрин

Шымкентте 21 жастағы Нурай Серікбайды өлтірген күдіктіге тағылған айыптың бірі ауырлатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Шымкентте 21 жастағы Нурай Серікбайды өлтірді деген күдіктіге қатысты айыптың бірі ауырлатылды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағына «аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бойынша қайта сараланған. Аталған бап бойынша жаза 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе мүлкін тәркілей отырып не онсыз өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.

“Нұрайдың ісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5)тармағына, яғни аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру деп сараланды.Әріптесім А.Омаровпен бірге әділдік жолындағы атқарылып жатқан жұмысымыздың нәтижесі деп есептейміз! Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі жаңадан тағайындалған орынбасары Е.Ережепов пен Тергеу басқармасының бастығы Ж.Құлмаханға ризашылығымды білдіремін! Енді іс бойынша толықтылық пен жан-жақтылық қамтамасыз етіледі деп сенеміз”, - деп жазды  ол әлеуметтік желіде .

Осылайша, қылмыстық іс қазір үш бірдей бап бойынша ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы — аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру; ҚК 125-1-бабы некеге тұруға мәжбүрлеу; ҚК 115-1-бабы сталкинг (қудалау) бойынша қаралып жатыр.

КОНТЕКСТ

Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнебақылау камераларының жазбаларында ер адамның қызды қуып жетіп, оның қашуға және қарсылық көрсетуге тырысқанына қарамастан пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. 13 қаңтарда күдікті 28 жастағы өңір тұрғыны қала шетінен 10 шақырым қашықтықта ұсталды.

Кейін белгілі болғандай, шабуыл кенеттен жасалмаған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оған дейін бірнеше ай бойы қудалау болған және алып қашу (қалыңдықты ұрлау) оқиғасы да болған. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, олардың арыздары қабылданбаған.

Оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында Президент полиция қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды. Ал некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемеген полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Одан кейін әлеуметтік желілерде Шымкент қалалық полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялаған болуы мүмкін видео тарады. Видеода Нұрай Серікбай өзін некеге мәжбүрлеу мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Сондай-ақ ол ер адамға ешқандай арызы жоқ екенін айтады.