Италияда Олимпиадаға қарсы жаппай наразылықтар өтті

Сырым Қаржас
Getty İmages

Италияда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы күні наразылық акциялары өтті. Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен ойындарға қатысты наразылықты белсенділер, студенттер және кәсіподақ өкілдері білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Euronews-ке сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

"Сан-Сиро" стадионында ашылу салтанаты өтіп жатқан сәтте қала көшелерінде наразылық шерулері ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар Олимпиаданың өңір экономикасы мен экологиясына тигізетін кесірін сынға алды.

Негізгі наразылық шаралары Миланда өтті. Мұнда белсенділер АҚШ-тың көші-қон қызметі — ICE өкілдерінің болуына қарсы шықты. 7 ақпанда кәсіподақтар да Олимпиаданың қоршаған ортаға ықпалына қарсылық білдіріп, шеру өткізген. Шерушілер легі жуырда ашылған Олимпиадалық ауыл маңынан өткен. Наразылық білдірушілер түтін шашкаларын жағып, отшашулар қолданған. Сондай-ақ полицияның шеруді тарату үшін суатқыштар пайдаланғаны айтылды.

ШЫҒЫН

Плакаттарда "ICE out" деген ұрандар, сондай-ақ премьер-министр Джорджа Мелони үкіметіне және Милан мэрі Беппе Салаға бағытталған сын пікірлер жазылған.

Акцияға қатысушылар Олимпиадаға жұмсалған мемлекеттік қаржы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталуға тиіс еді деген уәж айтты. Наразылардың бірі журналистерге берген сұхбатында бұл ойындар Миланға да, Ломбардия өңіріне де нақты пайда әкелмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, билік қарапайым тұрғындарға тиімділігі тимеген "көрнекі жоба" үшін әлеуметтік шығындарды қысқартқан.