Иранда Нобель сыйлығының лауреаты сотталды

Сырым Қаржас
© NARGES MOHAMMADI FOUNDATION / AFP

Ирандық құқық қорғаушы, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Наргес Мохаммади 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Иран соты белгілі құқық қорғаушы әрі Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Наргес Мохаммадиге қатысты жаңа айыптау үкімін шығарды. Оның адвокатының айтуынша, 53 жастағы белсенді 7,5 жылға түрмеге кесілген.

ҮКІМ НЕ ҮШІН ШЫҒАРЫЛДЫ

Қорғаушысы Мостафа Нили таратқан ақпаратқа сәйкес, Мохаммади «қылмыс жасау мақсатында жиналыстарға қатысып, сөз байласқаны үшін» 6 жылға, ал «үгіт-насихат жүргізгені үшін» тағы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Түрме жазасынан бөлек, сот қосымша жазалау шараларын да тағайындады:

  • бостандыққа шыққаннан кейін екі жыл бойы елден шығуға тыйым салу;
  • екі жыл бойы Хусф қаласында міндетті түрде тұру.

ҚАМАУ, АШТЫҚ ПЕН ДЕНСАУЛЫҒЫ

Мохаммади 2025 жылдың 12 желтоқсанда құқық қорғаушы адвокат Хосров Аликордиді еске алу рәсімі кезінде ұсталған. Ал 2026 жылғы 2 ақпанда ол наразылық белгісі ретінде аштық жариялаған. Адвокаттың сөзінше, үкім шығарылардан бірнеше күн бұрын денсаулығының нашарлауына байланысты құқық қорғаушы ауруханаға жеткізілген, алайда кейін қайтадан қамауға алынған. Қорғау тарапы соттың оны ем қабылдауы үшін уақытша кепілмен босатуы мүмкін деп үміттенеді.

ҚЫСЫМ МЕН ҚУҒЫН

Наргес Мохаммади Ирандағы Құқық қорғаушылар орталығының вице-президенті қызметін атқарады. Кейінгі 20 жыл ішінде ол 13 рет қамауға алынған. Жаңа үкімді есептемегенде, оған тағайындалған жазалардың жалпы мерзімі 31 жыл болған, оның шамамен он жылын өтеп үлгерген. Әр жылдары құқық қорғаушы билікті сынағаны және әйелдер құқығын қорғағаны үшін түрме жазасына, дене жазасына және бостандықты шектеу шараларына тартылған. Оның жақтастары Мохаммадидің денсаулығының ауыр екені, оның ішінде жүрек талмалары болғаны және шұғыл хирургиялық араласуды қажет ететіні туралы бірнеше рет хабарлаған.