Сарапшы: теңге бағамы кез келген сәтте күрт құлдырауы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қаржы сарапшысы Борис Бойко теңге бағамы жуық арада-ақ күрт әлсіреуі мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, бұл өткен аптада доллардың айтарлықтай "күш алуынан кейін" болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Теңге үшін шешуші кезең

ATLAS Capital макроэкономикалық талдау бөлімінің басшысы өз пікірін National Business Kazakhstan басылымына берген сұқбатында айтты. Борис Бойконың сөзінше, ұлттық валютаның нығаюына және доллар бағамының 500 теңгеден төмен түсуіне негізгі екі фактор әсер еткен: салық төлеу кезеңінің жақындауы және Ұлттық қордан бюджет трансферттерін қамтамасыз ету үшін валютаның сатылуы.

Оның айтуынша, ақпан айында мұнай-газ және тау-кен саласындағы ірі экспорттаушыларды қоса алғанда, салық төлеушілер 2025 жылдың төртінші тоқсаны мен екінші жартыжылдығы үшін салық есептілігін тапсыруы тиіс. Осы мақсатта компаниялар валюталық түсімдерін жаппай теңгеге айырбастайды.

— Осы себепті ақпан айы дәстүрлі түрде теңгеге деген сұраныс ең жоғары кезеңге айналады, әсіресе айдың ортасында. Валюта нарығы бұл үдерістерге алдын ала әрекет етеді, сондықтан ай басында теңге күрт нығайды, — дейді сарапшы.

Борис Бойко бұған дейін де мұндай жағдайлар болғанын атап өтті. Ақпан айында теңге уақытша нығайып, кейін қайтадан бұрынғы деңгейіне «шегінген».

— Біз ақпанда ұлттық валютаның қысқа мерзімді нығаюын бірінші рет көріп отырған жоқпыз. Бұл көбіне техникалық факторларға байланысты. Алайда қазіргі экономикалық жағдайды ескерсек, доллар/теңге бағамының қазіргі деңгейі шамадан тыс мықты деп санаймыз, — деді ол.

Доллар 530 теңгеге дейін бара ма?

Сарапшының айтуынша, Қазақстан Ұлттық Банкі Ұлттық қордан валютаны тәулігіне 18–20 млн доллар көлемінде сататынын хабарлады. Бұл нарықта доллар ұсынысын арттырып отыр. Сонымен қатар жоғары базалық мөлшерлеме теңгеге инвестиция салуды “тартымды” етеді. Осы факторлардың әсерінен қазақстандық бағалы қағаздарға шетелдік инвесторлар белсенді қаржы құйып жатыр.

Дегенмен, сарапшы бұл қызығушылықтың тұрақтылығына күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, доллар бағамының 500 теңгеден төмен ұзақ сақталу ықтималдығы төмен, әсіресе мұнай бағасы төмен жағдайда.

— Кэрри-трейд мәмілелерінің кері әсер ету ықтималдығы жоғары. Яғни, теңгені нығайтқан техникалық факторлар әлсіреген соң, нарық қатысушылары долларлық активтерге жаппай қайта оралуы мүмкін. Мұндай жағдайда теңгенің күрт құнсызданып, доллар бағамының 510–530 теңге аралығындағы бұрынғы деңгейіне қайта оралуын көруіміз ғажап емес, — деп болжайды Борис Бойко.