АҚШ санкциялары мен Азиядағы сұраныстың төмендеуі әсерінен Ресей екінші ай қатарынан мұнай өндіру көлемін қысқартты. Үндістан импортты азайтып жатыр. Ондаған ресейлік танкер мұхитта қаңтарылып тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ресей билігі мұнай мен мұнай өнімдерінің өндірісі мен экспортқа шығару деректерін құпияландырған. Бірақ дереккөздер есебінше, қаңтарда Ресей орта есеппен күніне 9,28 миллион баррель мұнай өндірген. Бұл желтоқсанмен салыстырғанда 40 мың баррельге аз, ал ОПЕК елдерімен жасалған келісімде белгіленген өндіру лимитінен 300 мың баррельге төмен.
Бұл деректер жанама түрде Үндістан дерек көздерімен де расталған. Hindustan Times газетінің жазуынша, қаңтарда Үндістан Ресейден күніне 1,215 миллион баррель мұнай импорттаған. Бұл желтоқсанмен салыстырғанда 12 пайызға, қарашамен салыстырғанда 22 пайызға аз.
Ресей мұнай сатуда қиындықтарға тап болған. Bloomberg агенттігінің есебінше, Үнді және Тынық мұхиттарында қазір оннан астам танкер жүзіп жүр, олардың бортында әлі сатып алушысы жоқ шамамен 12 миллион баррель мұнай бар.