Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ақорданың хабарлауынша, Президент атлеттің отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иеленуін тарихи маңызы зор жетістік ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері үшін алғыс айтты.
– Мемлекет басшысы барша спорт сүйер қауым мен ел азаматтары спортшының айтулы жетістігін мақтан тұтатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ жаттықтырушыларға, тиісті министрлікке атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді, – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент Олимпиада чемпионына толайым табыс пен жеңіс тіледі.
АЛТЫН МЕДАЛЬ
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері атанды.
Қысқа бағдарлама қорытындысында Шайдоров 92,94 ұпай жинап, бесінші орында тұрды. Ал еркін бағдарламада қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен 198,64 ұпай жинап, жалпы есепте 291,58 ұпайға қол жеткізді. Бұл бағдарламада ол бес бірдей төрттік секіруді сәтті орындады.
Осы нәтижесінің арқасында Михаил Шайдоров жеңіс тұғырының биігіне көтеріліп, Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды.