Қазақстанның үш қаласында ресейлік мектептер ашылады

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Қазақстанның үш қаласында Ресеймен бірлескен мектептер ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында ресей-қазақстандық бірлескен мектептер ашу жоспары бар екенін мәлімдеді. Дипломаттың айтуынша, бұл оқу орындары «Сириус» тәжірибесіне негізделіп, орыс тілі, математика және жаратылыстану ғылымдарын тереңдетіп оқытуға бағытталады. Сонымен қатар, мектеп түлектері Қазақстандағы ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарына түсу мүмкіндігіне ие болады.

— «Сириустың» табысты тәжірибесі басқа да білім беру бастамаларын жүзеге асыруда жол көрсететін жұлдыз болады деп үміттенемін. Ең алдымен, бұл — біздің президенттеріміздің Қазақстан мен Ресей қалаларында бірлескен мектептер салу туралы уағдаластығы. Қазақстанға келсек, әңгіме Қызылорда, Тараз және Түркістан қалалары туралы болып отыр, — деді елші ТАСС агенттігіне берген сұқбатында.

Бұл мектептерді ашу екі ел президенттері арасындағы келісімдердің нәтижесі саналады. Тиісті меморандум өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жасаған сапары барысында қол қойылған.