Иранда наразыларға қатысты 23 мың қылмыстық іс қозғалған

Ulysmedia
AFP

Иранда наразылық акцияларына қатысты кемінде 23 мың қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы сот жүйесінің өкіліне сілтеме жасаған Фарда радиосы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Сот өкілінің айтуынша, елдің әр өңірінде адамдар ұсталған. Наразылық кезінде 729 полиция бөлімі мен ислам революциясы сақшылары корпусының шамамен 120 нысанына шабуыл жасалған.

АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists in Iran (HRAI) құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 15 ақпандағы жағдай бойынша кемінде 53 552 адам қамауға алынған, олардың 144-і – студенттер. 11 053 адам сотқа шақырылған.

Контекст

Иранда үкіметке қарсы наразылықтар 2025 жылы 28 желтоқсанда басталып, елдің барлық аумағын қамтыған. Алғашында наразылар экономикалық дағдарысқа байланысты талаптар қойған, кейіннен ол билікке қарсы ұрандарға ұласқан.

HRAI дерегінше, 7 015 адамның қаза тапқаны расталған, олардың 6 508-і – наразылыққа қатысушылар. Тағы 11 744 адам туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, құқық қорғаушылардың мәліметінше, 25 845 адам жарақат алған.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап, АҚШ Ирандағы интернет шектеулерін айналып өтуге көмектесу үшін елге шамамен 6 мың Starlink терминалын құпия түрде жеткізгенін жазған. Басылымның хабарлауынша, президент Дональд Трамп тасымалдау туралы хабардар болған, алайда бұл жоспарды жеке өзі мақұлдағаны немесе мақұлдамағаны белгісіз.