Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткенге дейін ай сайын шамамен 1,5 млн теңге жалақы алғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Вице-министрдің айтуынша, спортшылардың жетістігіне ата-анасы мен мемлекеттің қолдауы ықпал етеді.
- Менің ойымша, мемлекет қолдауынсыз Олимпиада немесе халықаралық жарыстарға шығу мүмкін емес. Барлық спортшылар, соның ішінде Михаил Шайдоров Спортты дамыту дирекциясында есепте және штаттық ұлттық құраманың құрамына кіреді. Олардың оқу-жаттығу жиындары, жарыстарға шығу шығындары өтеледі және келісімшарт бойынша жалақы төленеді. Егер қателеспесем, Олимпиадаға дейін Михаилдың келісімшарты бір миллион теңгеден сәл көп болған. Ал өткен жылы ол шамамен айына 1,5 млн теңге жалақы алған, – деді Жарасбаев Сенат кулуарында.
Спортшыға келісімшарт бойынша төлемнен бөлек, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға шығу шығындары, оның ішінде билет, тұру және мұз айдыны жалдау да қамтамасыз етілген. Вице-министр ата-аналар мүлкін сатып, баласын жаттықтыруға мәжбүр болған жағдайларды «дұрыс емес» деп атады.
Сондай-ақ Жарасбаевтың айтуынша, Михаил Шайдоров пен Денис Тен Алматыдағы «Рамстор» сауда орталығындағы мұз айдынында жаттыққаны да рас.
– Штаттық ұлттық құраманың барлық спортшыларына біз барынша жағдай жасадық. Михаил өз сұхбатында белгілі бір кезеңге дейін «Рамсторда» жаттыққанын айтты. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, спортшы ұлттық құраманың штаттық құрамына кіріп, Қазақстан чемпионатын жеңген соң мемлекет оған бар жағдайын жасайды, – деді вице-министр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Жақында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері атанған еді.