Түркістан облысының Бәйдібек ауданында білім беру саласындағы ірі қаржылық заңбұзушылыққа қатысты сот үкімі шықты. Аудандық білім бөлімінің 18 қызметкері бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырды деп айыпталды, деп хабарлайды Ulysmediа.
Мән-жай
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бөлім басшылары, бухгалтерлер мен экономистер өзара келісіп, жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік есептерді негізсіз ұлғайтып отырған. Тергеу деректеріне сәйкес, олар ауданға қарасты 49 мектептің қаржысын қамтыған заңсыз схеманы жүзеге асырған.
Агенттік хабарлауынша, бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге қасақана жалған мәлімет енгізген. Есептік құжаттарға іс жүзінде жұмыс істемеген адамдардың аты-жөні тіркелген немесе қызметкерлердің жалақысы мен үстемеақылары негізсіз көбейтілген.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушылар қызметтік жазбалар, бұйрықтар және жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттарды пайдаланған. Кейбір құжаттар тіпті төлем жүргізілгеннен кейінгі күнмен рәсімделген.
Заңсыз алынған қаражат туыстары мен таныстарының есепшоттарына аударылып, алдын ала келісілген үлес өзара үлестіріліп отырған.
Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 583 миллион теңгеден асқан. Тергеу барысында күдіктілер залалды толық өтеген.
Сот шешімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылған. Үкім заңды күшіне енген.