Қазақстанда қыстың ортасынан бастап тасқын суды күту деген жыл сайын қайталанатын бір «дәстүр» бар. Биыл соның уайымы бұрынғыдан да бетер болғалы тұр. Біріншіден, Қазақстан президенті ақпан айының басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеп, тасқын, одан кейін қуаңшылық қаупі бар екенін еске салды. Алайда министрлер табиғаттың тосын мінезіне дайын болудың орнына, керісінше, жау кеткен соң қылышын тасқа шауып, бюджеттен қалпына келтіру жұмыстары үшін қыруар ақша шығартқысы келеді. Екіншіден, Қазақстанның солтүстігіндегі ауа райы барған сайын 2024 жылғы ауа райымен ұқсап барады. Алдымен, жапалақтап қар жауып, артынан жаңбыр сіркіреп, кейін аяз көтеріледі. Үшіншіден, елде тасқынның алдын алуға бірнеше ведомство бірдей жауапты болып көрінгенімен, іс жүзінде ешкім жауапкершілікті нақты өз мойнына алмайды. Ulysmedia.kz биыл кімдер тасқынға, ал кімдер қуаңшылыққа дайындалуы керегін және елдің болашақта ауа райынан үрейленбей өмір сүруі үшін не істеліп жатқанын саралап көрді.
Жағдай алаңдатарлық
Су тасқыны болатынын табиғаттың өзі сездіріп-ақ тұр. Жақында Тараз қаласының маңында бірнеше аула су астында қалды. Шымкентте де жағдай мәз емес. Бадам өзенінде су деңгейі көтеріліп, арнасынан асуда. Дегенмен әкімдік пен төтенше жағдай қызметінің өкілдері жақында салынған бөгет тасқынға төтеп береді деп сендіреді. Атырау облысының тұрғындары да алаңдаулы: көршілес Ресей Иректі су қоймасынан суды көбірек жібере бастаған. Халық Жайық өзенінің арнасы мұндай көлемдегі суды бойына сыйдыра алар ма екен деп көңілі күпті отыр. Солтүстік өңірлерде де алаңдауға себеп бар, ауа райы бірде -30 градус аяз болса, енді бірде 0 градусқа жетіп, ақ ұлпа жібісіп тұрады. Ара-арасында табиғат-ана мейірленіп, қар жауғызады. Мұндай жағдай 2024 жылы да болған, тек бір ай емес, тұтас қыс бойы. Көктемде нығыздалған қар мен мұз бірден еріп, Қазақстан тарихындағы ең ауқымды тасқынға әкелген.
Салалық министрліктің бақылауы
Су ресурстары және ирригация министрлігі жағдай бақылауда екенін айтады. Ведомство дерегінше, ақпан айының ортасында елдегі су қоймалары орта есеппен 60-70 пайызға толған, ал жалпы 13,9 млрд текше метр су сыятын бос орын бар. Шенеуніктердің есептеуінше, бұл тасқын суды жинауға, қарқынын бәсеңдетіп, әрі қарай өзен арналарына жіберуге мүмкіндік береді. Атырау тұрғындарының алаңдаушылығына министрлік былай деп жауап берді:
– Ресей тарапынан берілген мәліметке сәйкес, тасқын кезеңінде Иректі су қоймасынан су жіберу секундына 200 текше метрден аспайды. Бұл Жайық өзені арқылы көлемді су келеді деген қауіп жоқтығын білдіреді. Сонымен қатар батыс өңірлердегі су қоймаларының орташа толу деңгейі 48 пайызды құрайды (Ақтөбе – 103 млн м³ (42%), Қарғалы – 88 млн м³ (31%), Киров – 20 млн м³ (32%), Битік – 42 млн м³ (39%), Дүңгілік – 33 млн м³ (58%), Пятимар – 29 млн м³ (88%)), – деп хабарлады ведомство мамандары.
Қарапайым тілмен айтқанда, әзірге Ресейден келетін су көлемі аз, ал ол артқан жағдайда да суды жинақтайтын бос орын бар, сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ.
Тасқын қай жерлерге қауіпті?
«Pavlov Analitics» жобасының авторы, журналист Кирилл Павлов бірнеше жылдан бері спутниктік деректерге сүйене отырып, Қазақстандағы тасқын қаупін зерттеп келеді. Ол бұл мәселеде көңіл жадыратар болжам айта қоймайды. Павловтың айтуынша, 2026 жыл 2024 жылдай қауіпті болмаса да, су басу оқиғалары бәрібір болады. 2024 жылы тығыз қар жамылғысы бірден еріп, су тасқыны көлемін арттырды, өйткені қыс бойы жиналған судың көлемі тым көп болды, оны ағызып, басқа арнаға құюға мүмкіндік болмады. 2026 жылы қар аздау, күз де салыстырмалы түрде жауын-шашынсыз өтті, бірақ тасқыннан қашып құтылу қиын.
– Биыл қар көп емес, бірақ күн ерте әрі күрт жылынады деп болжанып отыр. Яғни қар бір мезетте еріп кетуі мүмкін. Бұл тасқынға себеп болады. Қай жерде су басатынын біз де, мемлекеттік органдар да, оның ішінде Қазгидромет, ТЖМ, Су ресурстары министрлігі бар, шамамен біледі. Қазір басты сұрақ: «қашан тасиды? Метеорологтардың нақты болжамын бәрі күтіп отыр, ол ақпан айының соңына қарай жарияланады, – дейді Кирилл Павлов.
Оның болжамынша, ең алдымен, елдің солтүстігі мен орталығында – Ақмола және Қостанай облыстарында су басу қаупі жоғары.
– Меніңше, Түркістан мен Жамбыл облыстарында су тасқыны аз көлемде болсын, басталып та кетті, бірақ жеңіл өтетін сияқты. Ал Ақмола мен Қостанай облыстары міндетті түрде аз көлемде болсын, су астында қалады. Оның ішінде Атбасар, Қарасу, Қостанай бар. Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарына келсек, нақты айту үшін көктемгі ауа райын күту керек, дегенмен Солтүстік Қазақстанда биыл қар аз болды, тәуекел төмен. Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасы маңында тасқын қаупі бар, бірақ ол жақта негізінен ауқатты адамдардың демалыс орындары орналасқан, олар қалпына келтіруді өздері-ақ атқара алады, – дейді ол.
Көктемде көлдей, жазда шөлдей
Кирилл Павловтың пікірінше, 2026 жылдың басты мәселесі тасқын емес, қуаңшылық.
– Елдің оңтүстігінде су тапшылығы апатты деңгейге жетіп отыр, әрі ол ушыға түсуде. Қазірдің өзінде күріш пен мақта алқаптарын суаруға су жетпей жатыр. Ал бұл дақылдар, министрлер Нұржігітов пен Сапаровтың мәлімдемелеріне қарамастан, азаймай, керісінше көбейіп келеді, – дейді сарапшы.
Бұл жағдайды жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы суару арналарының жөндеу жұмыстары түзетуі тиіс еді. Мемлекет бұған қомақты қаржы бөліп отыр, дәл осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі де құрылған.
– Былтыр 700 шақырым су арналары қайта жаңғыртылды, биыл тағы 986 шақырымға күрделі жөндеу жүргізілді. Төрт су қоймасы жаңартылды. Биыл тағы төртеуін жаңарту және үш жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар сегіз бассейндік жоспар әзірленіп, олар су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспарына негіз болады, – деді Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов.
Алайда спутниктік суреттерде су арналарының жиі тасып жатқанын көруге болады: шөл далада тұтас көлдер мен жайылмалар пайда болған. Кирилл Павловтың айтуынша, су бірқалыпты деп есептелетін арналардан да тасып жатқан жағдайлар бар.
Tasqyn жүйесінің тағдыры
Қазақстанда суару арналары неге суды ұстай алмайтыны бөлек әңгіме. Ал тасқынға қайта оралайық. Президент тек тасқынмен күресуді емес, оны цифрлық құралдар арқылы болжау мен алдын алуды да тапсырған. Осы тапсырмалардың нәтижесінде Tasqyn деп аталатын тасқынды болжау жүйесі жасалды. Алдымен, оны «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының мамандары таныстырды, кейін министр Нұржігітов пен оның орынбасарлары айтты. Алайда қазір мемлекеттік органдар бұл жүйені көп еске ала бермейді. Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, Tasqyn жүйесіне қазір Цифрлық даму саласындағы министрлік жауапты, ал су саласының мамандары деректерді беріп, болжамға сай жұмыс жүргізеді. Кирилл Павлов Tasqyn-ға қызығушылықтың төмендеуін оның дәлдігінің аздығымен байланыстырады.
– 2025 жылы Tasqyn болжамдарының 96 пайызы жалған болып шықты. Жүйе мүмкін болған барлық жерде тасқын болады деп көрсетті. Мұндай жүйені іске қосу үшін үлкен тәжірибе, ғылыми деректер мен әдістемелер және солармен жұмыс істей алатын мамандар керек. Ал Tasqyn-ның негізінде тегін GloFAS моделі жатыр, оны кемінде біздің жағдайға бейімдеу қажет еді, – дейді ол.
Соған қарамастан, билік Tasqyn жүйесінен ресми түрде бас тартқан жоқ.
Министрлік бар, тәртіп жоқ
Tasqyn оқиғасы – Қазақстанның су мәселесіне қаншалықты жауапсыз қарайтынының бір ғана көрінісі. Елдегі басты проблема табиғаттың тосын мінезі емес, осы саладағы басқару дағдарысы секілді. Дәл осы себеппен кезінде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған. Алайда Нұржан Нұржігітов басқаратын ведомство айтарлықтай серпіліс көрсете алмады. Біз министрдің өзінен бірнеше рет неге ауқымды міндеттер баяу орындалып жатқанын сұрадық, жауаптардың барлығы дерлік басқа ведомстволар кедергі келтіреді дегенге саяды. Мәселен, су қоймаларының құрылысы әкімдіктер құжаттарды уақытында дайындамағандықтан кешеуілдеуі мүмкін. Ал ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту фермерлердің қарсылығына ұшырап отыр. Министрліктің өзі, оның айтуынша, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Дегенмен қазір Нұржан Нұржігітовке алаңдаудың жөні жоқ: тасқын үшін ол жауап бермейді. Болжамды Қазгидромет жасайды, республикалық деңгейде тасқын салдарын жоюмен Төтенше жағдайлар министрлігі айналысады, ал жергілікті жерде әкімдіктер жауапты. Ал Су ресурстары министрлігі су қоймаларының толуын бақылап отырады. Толса жақсы, толмаса ол да министрдің емес, табиғаттың ісі. Қолдан келері – осы.