Qarmet компаниясының Темір кендері департаментіне қарасты «Батыс Қаражал» кен орнында соңғы 30 жылда алғаш рет жер асты қазбаларының «түйісімі» жүзеге асырылды. Бұл кеншілер, «Атасу» кеніші және Қаражал қаласы үшін шын мәнінде тарихи оқиға.
Түйісім — бір-біріне қарсы бағытта жүргізілген екі жер асты қазбасын қосу процесі. Мұндай жұмыс аса жоғары дәлдіктегі есептерді және барлық қатысушылардың үйлесімді әрекетін талап етеді. Жобаның сәтті іске асуының арқасында кеншілер жаңа горизонтты автокөлік еңісімен — шахтаның негізгі жер асты «магистралімен» біріктіруге мүмкіндік алды. Енді ірі габаритті техниканың шахтаның ең алыс нүктелеріне дейін кедергісіз жетуіне жол ашылды. Бұған дейін жұмыстар тек қолмен, жоғары өнімді техника қолданусыз жүргізілген болатын. Бұл Qarmet компаниясы үшін мүлде жаңа бағыт — марганец кенін өндіруді іске қосуға жол ашып, кәсіпорынның өндірістік әлеуетін едәуір кеңейтті.
Сандар сөйлесін:
Қазіргі таңда кеніш жылына 2,2 млн тонна кен өндіреді. Ал 2028 жылға қарай өндіріс көлемі 9,5 млн тоннаға жетпек. Яғни, өндірісті төрт есеге арттыру жоспарланып отыр.
- Бұл – кеніш үшін нағыз тарихи оқиға. Іске асқан жоба жаңа қорларды игеруге жол ашты. Мұндай шешім туралы ұжым көп жылдар бойы айтып, армандады. Мамандар оның қажеттігін бұрыннан түсінген, алайда бұрынғы басшылыққа жобаның маңызын жеткізіп, жүзеге асыру мүмкін болмады. Бұрын мұндай қадамдар жасалмаған еді. Бүгін жағдай өзгерді, — деді «Атасу» кенішінің директоры Нұртай Омаров.
Марганец кенін игеру кеніш дамуының жаңа стратегиялық бағытына айналып, компанияның ұзақмерзімді жоспарларында маңызды орын алады. Бұл металлды өндіру көлемді арттыруды, заманауи инженерлік шешімдерді енгізуді және тау-кен ісі мен шикізатты өңдеуде әлемдік үздік тәжірибелерді қолдануды көздейді. Кеніш әлемдегі ең ірі марганец қорларының біріне ие, мұнда 349 млн тонна бағалы ресурс шоғырланған. 2026 жылы компания 500 мың тонна марганец кенін өндіруді жоспарлап отыр. Жобалық қуаттылығы — 2,5 млн тонна.
Компания өкілдері марганец жеткізуге сұраныстардың қазірдің өзінде түсе бастағанын атап өтеді, бұл жобаның өзектілігі мен болашағын растайды. Марганец металлургияда берік әрі тозуға төзімді болат өндіруде кең қолданылады, машина жасау, құрылыс және рельс өндірісінде, сондай-ақ химия өнеркәсібі мен аккумулятор өндірісінде сұранысқа ие.
Сонымен қатар, Темір кендері департаментінің негізгі инвестициялық жобаларының қатарында Орталық ұңғылар тобын салу және жиналған шламдарды қайта өңдеу бағдарламасы бар. Жобаларды кешенді түрде іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Бұл тау-кен жұмыстарының тиімділігін арттырып қана қоймай, техногендік ресурстарды қайта өңдеуге тарту арқылы шикізат базасын кеңейтуге және 1 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бөлімшеге бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 400 млн доллардан асады. Компанияның стратегиялық бағдарламасына сәйкес, 2028 жылға қарай жылдық кен өндіру көлемін 9,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл компанияның одан әрі өсуі мен шикізаттық тәуелсіздігін нығайтудың маңызды кезеңі болып, ел дамуына да оң әсерін тигізеді.