Енді Қазақстанға әкелінген электромобильдерге 16% қосылған құн салығы салынады

Рая Минап
Фото: depositphotos.com

2026 жылдан бастап Қазақстанға әкелінген электромобильдерге 16% қосылған құн салығы төленеді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Саудалық емес айналым басқармасының бас сарапшысы Меделбай Медет мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Меделбай Медеттің айтуынша, 2022 -2025 жылдары Қазақстанға электромобиль әкелу кезінде жеңілдік берілген болатын.

«2022 -2025 жылдары Қазақстанға электромобиль импорттаушылар кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатылған еді. Елімізге 2022 жылы осындай жеңілдікпен 10 мың,  2023 -2025 жылдары 15 мың электромобильден кіргізілді. Жеке тұлғаларға бір жылда бір электромобиль әкелуге рұқсат етілген еді. Ол үшін Қазақстан азаматы болу және елімізде тұрақты мекен-жайы болу талап етілетін. Бірақ кедендік рәсімінен өткен сәттен бастап 3 жыл ішінде бұл электр көлікті Ресей Федерациясының азаматтарына мен Ресей Федерациясында тұрақты тұру орны бар тұлғаларға иелік ету, пайдалану немесе беру құқықтары шектелген болатын», - дейді бас сарапшы.

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің айтуынша, 2026 жылдан бастап Қазақстанға электромобиль әкелушілерге енді 16% көлемінде қосымша құн салығы салынады.

«Өткен жылдың соңында Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдеріне квотаны ұзартпау туралы шешім қабылдады. Яғни, 2026 жылдан бастап электр көліктерін әкелу жалпы тәртіппен жүргізіледі, қазақстандықтарға кедендік баждар мен салықтарды төлеу қажет болады. Кедендік рәсімдеудің үш тәсілі бар. Бірінші жағдайда кедендік баж 6 АЕК, ҚҚС 16% төленеді. Бұл жағдайда көлікті Қазақстаннан тыс жерде жүргізуге, сатуға тыйым салынады. Екінші жағдайда 6 АЕК кедендік баж, кедендік құнының 15% көлемінде кедендік әкелу салығы және  16% қосылған құн салығы төленеді. Бұл жағдайда көлікті Қазақстаннан шығаруға, сатуға рұқсат етіледі. Үшінші жағдайда жолаушы кедендік декларациясы бойынша рәсімдеу жүргізіледі. Бұл жағдайда көліктің кедендік құнының 31%-ы мөлшерінде біржолғы кедендік төлем қолданылады», – дейді Меделбай Медет.

Қолданыстағы қосымша жеңілдіктер

ҚҚС бойынша жеңілдіктің күшін жоюына қарамастан, Қазақстанда электромобиль иелері үшін бірқатар жеңілдік сақталады:

электр қозғалтқышы бар көліктерге (гибридтерді қоспағанда) көлік салығы салынбайды;

утилизациялық алым алынбайды;

пайдаланылған электромобильдерді алғаш рет тіркеу үшін алынатын алғашқы тіркеу алымы іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерге қарағанда екі есе төмен.