Өндірушілер Ресейден өнім әкелуге тыйым салу ішкі нарықта бағаның өсуіне алып келеді деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ақпан айында Қазақстан Алтай өңірінен, Солтүстік Кавказ округінен (Дағыстан, Ингушетия, Кабардин-Балқар, Қарашай-Шеркес, Солтүстік Осетия — Алания, Шешенстан, Ставрополь өлкесі), сондай-ақ Қалмақстан, Бурятия, Астрахань және Новосибирск облыстарынан мал мен ет өнімдерін әкелуге тыйым салды.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тірі мал мен мал шаруашылығы өнімдерінің импорты мен транзитіне қойылған шектеулерді Ресейде пастереллез ауруының өршуімен түсіндірген болатын. Ведомство өкілдері жағдай тұрақталып, өнім мен жануарлардың қауіпсіздігі расталған соң бұл шаралар алынатынын мәлімдеді.
Ал ет комбинатының директоры Азамат Шалмағамбетов бұл шешім нарықта бағаның күрт өсуіне әкелуі мүмкін деп санайды. Сонымен қатар, ол тыйымның «логикаға сыймайтынын» атап өтті.
— Ресеймен шекараны жаппай жабу Қазақстанның өз ішінде ет бағасының күрт қымбаттауына себеп болуы мүмкін. Зақымданған аумақтар арқылы етті әкелуге немесе өткізуге тыйым салу өз алдына күмәнді шешім. Пастереллез қыста мал қорада тұрған кезде дамиды. Егер жаңа сойылған етті қаптап, тоңазытқышы бар жүк көлігіне тиеп, пломбаласа, ол ет ауру қоздырғышымен қалай байланысады? Ешқалай. Ауруға шалдығу үшін жануар тірі болуы керек. Егер қауіптенсеңіздер — жүк көлігінің дөңгелектерін шекарада өңдеңіздер, — деп келтіреді caravan.kz Азамат Шалмағамбетовтің сөзін.