Азаматтардың тіркелуін тексеру үшін дауыс беру учаскелерінде шағын ХҚКО жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясы аппаратының Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Түсіп Рыспеков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Түсіп Рыспеков айтуынша, қазақстандықтардың тіркеуде тұрғанын немесе тіркеуде жоқтығын растау мақсатында шағын халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылған.
«Конституция бойынша әр азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Демек, еліміз бойынша тіркеуде тұрған немесе тіркеуден алынып қалған азаматтар бар. Солардың тіркеуде тұрғанын немесе тіркеуде жоқтығын растау мақсатында шағын халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылған. Бұл дегеніміз, біріншіден, қазақстандық еліміз бойынша еш жерде тіркелмеген болса, жергілікті атқарушы органдар белгілеген 220 сайлау учаскесіне келіп, тіркеуге тұра алады. Содан соң барып дауыс береді. Ертеңіне ол тіркеуден автоматты түрде алынып тасталады. Екіншіден, азаматтар бұрын дауыс беріп жүрген жерінде дауыс беремін деп ойлауы мүмкін. Келген кезде сол жерде тізімде болмауы мүмкін. Яғни, ол кісінің тіркеуі расталмауы мүмкін. Бізде көп жағдайда тұрғын үй кешендері тапсырылады да, ол жерде көбі тіркеле бермейді. Сондықтан, сол учаскенің жанында тұрған, бір ғимаратта орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркеліп-тіркелмегенін растайды. Сол үшін шағын ХҚКО керек», - дейді ол.
Сондай ақ ол сайлау туралы заңнамаға сәйкес, учаскеде дауыс берушілерден басқа ешкім болмайтынын айтты.
«Демек арнайы жасақталған ХҚКО-лар дауыс беру учаскесіне жақын бөлмеде орналасады», - деді ол.
Сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының мүшелеріне электронды түрде дауыс беруге бола ма деген сауал қойылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, электронды түрде дауыс беру жүйесі қарастырылмағаны, тек дәстүрлі жолмен, учаскеге келіп дауыс беру керектігі айтылды.
КОНТЕКСТ
Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді. ОСК бекіткен күнтізбеге сәйкес, үгіт-насихат науқаны үш күнге созылады. 14 наурыз — тыныштық күні, 15 наурыз — дауыс беру күні. Дауыс беру қорытындылары 21 наурыздан кешіктірмей ресми түрде жарияланады.