Референдум кезінде алыста жүрген азаматтар қалай дауыс береді?

Рая Минап
Ulysmedia.kz коллажы

Орталық референдум комиссиясы аппаратының Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Түсіп Рыспеков тұрғылықты мекен-жайынан алыста жүрген азаматтар рефендум кезінде есептен шығару куәлігімен дауыс бере алатынын мәлімдеді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шалғайда жүргендер есептен шығару куәлігімен дауыс береді

Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі алыста жүрген қазақстандықтар алдымен тіркеу орнына барып, тізімнен шығып, есептен шығару куәлігін алуға міндетті екенін айтты.

«Тұрғылықты мекен-жайынан шалғай жерде жүрген азаматтар -  сіз өзіңіздің учаскеңізден есептен шығару куәлігін аласыз. Яғни, тізімнен шығару өтінішімен жүгінесіз. Әр учаскеде есептен шығару куәліктерінің нұсқасы бар. Сізге арнайы куәлік беріп, мөрмен растайды, содан соң тізімнен алып тастайды. Сіз бұл есептен шығару куәлігімен кез келген жердегі учаскеде дауыс бере аласыз»,  - деді ол.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қалай дауыс береді

Түсіп Рыспеков мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да бар мүмкіндік қарастырылғанын мәлімдеді.

«Барлық азаматқа дауыс беруге жағдай жасалады. Егер азамат өздігінен келіп, дауыс бере алмайтын мүмкіндігі шектеулі азамат болса, ол басқа тұлғаның көмегін пайдалануға құқылы. Ол сенімді адам референдум комиссиясының мүшесі, бақылаушы, бұқаралық ақпарат құралының, жергілікті атқарушы органның өкілі бола алмайды.  Басқа сенімді адамдар оның атынан дауыс бере алады. Сондай-ақ, зағип адамдарға да арнайы мүмкіндік қарастырылған. Егер азамат үлкейтілген қаріпті оқи алимайтын болса, бюллетеньнің арнайы аудионұсқасы болады. Сол аудионұсқада бюллетеньді қалай толтыру керектігі түсіндіріледі. Арнайы тактилді жолақтар барлық учаскеде болады», – дейді Орталық референдум комиссиясының мүшесі.

КОНТЕКСТ

Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді. ОСК бекіткен күнтізбеге сәйкес, үгіт-насихат науқаны үш күнге созылады. 14 наурыз — тыныштық күні, 15 наурыз — дауыс беру күні. Дауыс беру қорытындылары 21 наурыздан кешіктірмей ресми түрде жарияланады.