Қазақстан Иранға астық экспортын әскери қақтығыстарға байланысты уақытша тоқтатты. Жеткізу қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстанның Астық одағы жанындағы талдау комитетінің басшысы Евгений Карабановтың айтуынша, қазір жеткізілімдер қысқа мерзімге тоқтап тұр, ал алдағы жағдай соғыстың қанша уақытқа созылатынына байланысты болады. Ол сондай-ақ биыл Ресеймен бәсеке күшейгендіктен, экспорт көлемі онсыз да азая бастағанын атап өтті. Карабановтың айтуынша, өткен маусымда Қазақстан Иранға 1,5 миллион тоннадан астам арпа экспорттаған.
– Біз Иранға астық сатамыз. Өткен маусымда 1,5 миллион тоннадан астам арпа жөнелттік. Ал қазір әскери әрекеттер барлық келісімшарттар үшін форс-мажор болып отыр. Сондықтан бәрі тоқтады деп айтуға болады. Қазіргі жағдайға байланысты көлемдер азаяды. Бұл қанша уақытқа созылатынын әзірге нақты айту қиын, – деді ол АПК Новости басылымына берген сұқбатында.
Карабановтың сөзінше, әзірге барлық жеткізу тоқтайды, ал оларды қайта бастау соғыстың ұзақтығына және Ирандағы жағдайдың қалай өзгеретініне байланысты болмақ.