Шымкентте Қаратау ауданы әкімінің қызметкерлерін ұрған видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Заңгер Айгүл Орынбектің сөзінше, оқиға былтыр қазан айында болған.
- Видеода Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі өз қызметкеріне күш қолданып, ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Иә, қызметкер жұмысынан айырылып қалмас үшін әкімге қарсы арыз жазбауы мүмкін. Бірақ жанына қатты батқан адам бұл видеоны бекерден-бекер таратпайды ғой, – дейді заңгер.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданын Алмас Абаев басқарады. Ол бұл қызметке 2025 жылы тағайындалған.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Қалалық әкімдік мәліметінше, бұл дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізіледі.
- Қала әкімдігі заңдылықты сақтау, қызметтік әдеп қағидаттарын ұстану және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу ұстанымын басшылыққа алады. Егер таралған бейнежазбада көрсетілген жайттар расталса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – делінген хабарламада.
Әкімдік тексеру аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды сұрайды. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланады.