Спорттық гимнастика: бес отандасымыз Бакудегі әлем кубогының финалына шықты

Сырым Қаржас
Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті

Әзербайжан астанасы Баку қаласында спорттық гимнастикадан әлем кубогының екінші кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кешегі іріктеу нәтижесінде Ұлттық құраманың екі спортшысы өз жаттығуында ТОП 8-ге кіріп, жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Еркін жаттығуда Милад Карими 14.433 ұпай жинап, іріктеуді 1-орында аяқтады. Дмитрий Патанин қос сырық бағдарламасында 8-сатыға тұрақтады (13.266 балл).

Бүгін тұтқалы ат снарядында Зейнолла Ыдрысов іріктеуде 1-орын (14.300 балл), ал Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов 3-орынмен (14.166 балл) финалға өтті.

Сондай-ақ керме жаттығуында Милад Карими 3-ші (14.433 ұпай), тағы бір тәжірибелі отандасымыз Диас Тойшыбек (13.700 ұпай) 4-ші көрсеткішпен шешуші сынға шықты.

Әйелдер арасындағы іріктеуге біздің команда өкілдері Эвелина Ежова мен Радмила Тарасова қатысты. Алайда олар ақтық сынға жолдама ала алмады.

Финалдар сенбі мен жексенбіде өтеді.