Атырау облысында жоғалып кеткен отбасының тағы екі мүшесінің мәйіті табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Дереккөздердің мәліметінше, Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйіттері Атыраудағы «Геолог» шағын ауданындағы уақытша үйдің бірінің ауласынан табылған. Бұрын бұл жерде күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайымен бірге тұрған. Қазіргі уақытта жоғалған отбасының барлық мүшесінің мәйіттері табылғаны белгілі болды.
Бұған дейін, отбасы тұрған Жангелдин ауылындағы үйдің ауласынан Наурыз бен Мейрамгүлдің ата-анасы Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оларды да Сұлтан Сәрсемәлиев өлтірген болуы мүмкін.
Контекст
Бүгін, 9 наурыз таңертең ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстанға жеткізілгені хабарланған. Бұған дейін олар Индонезияда ұсталған. Күдіктілер алдымен этаппен Mалайзияға жеткізіліп, кейін Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева қамауда, тергеушілерге жауап беріп жатыр. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы қарашада Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылыс нысанының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.
Былтыр желтоқсанда Атырау облысының Қызылқоға ауылында тұтастай бір отбасының із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өздері тұрған үй аумағынан табылған. Іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, іздеу жарияланған.
Автор: Абзал Тоғайбаев.