Қазақстандықтарға жалақысы 3,5 млн теңгелік жұмыс ұсынылған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдың ақпан айында Электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер шамамен 99 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Ал жұмыс іздеушілер 124,9 мың түйіндеме орналастырған. Қаңтар айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7%-ға азайған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Аймақтар бойынша

Өңірлер арасында ең көп бос жұмыс орны Павлодар облысында тіркелген — 8,1 мың. Одан кейін Астана қаласы (7,8 мың), Түркістан облысы (7,4 мың), Қарағанды облысы (6,6 мың) және Алматы қаласы (6,3 мың) келеді.

Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары белсенділік Түркістан облысында байқалған — 16,8 мың түйіндеме немесе жалпы көрсеткіштің 13,4%-ы. Одан кейін Астана қаласының тұрғындары 10,2 мың түйіндеме (8,2%) жариялаған.

Сондай-ақ Алматы облысында 9,5 мың (7,6%), Алматы қаласында 9,2 мың түйіндеме (7,4%) тіркелген.

Жас және гендерлік көрсеткіш

Жас ерекшелігі бойынша еңбек нарығында ең белсенді топ — 35 жасқа дейінгі жастар. Олар барлық түйіндеменің 42,3%-ын құрайды.

35–44 жас аралығындағы азаматтардың үлесі 26,7%, 45–54 жас аралығындағылар — 19,8%, ал 55 жастан асқандар — 11,2%.

Гендерлік тұрғыдан алғанда, жұмыс іздеушілер арасында әйелдер сәл басым. Олардың үлесі 54,6% болса, ерлердің үлесі 45,4% болған.

Ең жоғары жалақы

Ақпан айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі инженерлерге тіркелген — шамамен 3,6 млн теңге.

Сонымен қатар, құрылыс жобаларының бас технологтарына шамамен 2,8 млн теңге, ал материалтану техниктеріне 2,2 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылған.

Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны ұшқыштар сұраған — шамамен 3,3 млн теңге. Одан кейін инвестициялық жобалар директорлары (шамамен 2,1 млн теңге) және оқу курстарын әзірлеушілер (шамамен 2 млн теңге) келеді.