БҰҰ соғыстан қашып, Қазақстанға келген жасөспірімді Ресейге қайтармауды сұрады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

БҰҰ-ның адам құқықтарының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова Қазақстан президентіне хат жолдап, Ресей азаматы, кәмелетке толмаған жасөспірім Тимур Турковты елден депортацияламауды сұрады. Ол Украинадағы соғысқа және қоғамның милитаризациясына келіспегендіктен Қазақстанға қашып келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Хат Батыс Қазақстан облыстық сотына жолданған. Бүгін дәл осы соттың апелляциялық алқасы жасөспірімнің шағымы бойынша шешім шығарады, деп жазады “Уральская неделя”.

Әңгіме 16 жастағы Тимур Турков туралы болып отыр. Ол 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан шекарасын кесіп өтіп, бірден ҰҚК Шекара қызметіне барып, өзіне баспана беруді сұраған.

Алайда Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті оған қатысты қылмыстық іс қозғаған. Жасөспірім Орал қаласындағы қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға арналған орталыққа орналастырылған.

Турков баспана алу үшін құжат тапсыруға тырысқанымен, әлеуметтік бағдарламалар департаменті оның өтінішін қабылдамаған.

СОТ ШЕШІМІ

Желтоқсан айында Орал қаласының ювеналды соты Турковты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деп таныды. Оған айыппұл салынып, Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылданды және елге бес жылға кіруге тыйым салынды. Жасөспірім қазақстандық құқық қорғаушылар мен адвокаттың көмегімен бұл шешімге шағым түсірген.

Облыстық сотта прокуратура да наразылық білдіріп, үкімді өзгерту туралы ұсыныс жасады. Прокурорлар Турковты депортациялау туралы шешімді жоюды және оған пробациялық бақылаусыз алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Олардың айтуынша, төменгі сотта қылмыстық заң дұрыс қолданылмаған, сондықтан Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза күшін жоюға жатады.

СОТТАҒЫ ЖАҒДАЙ

Сот отырысына Ресейден келген Тимурдың әжесі Валентина Туркова да қатысқан. Судьяның сұрақтарына жауап бере отырып, ол немересі Ресейге қайтарылса, оның өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтқан.

Апелляциялық алқа Тимур Турковтың шағымы бойынша шешімді бүгін жариялауы тиіс.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, 16 жастағы Тимур Турков былтыр 12 қыркүйекте Мурманск облысынан Қазақстанға қашып келді. Ол Ресейдің саяси бағытымен келіспейтінін және 18 жасқа толғанда соғысқа жіберілу қаупінен қорыққанын айтып, босқын мәртебесін алуға тырысқан