Мәскеудегі Crocus City Hall кешенінде болған «лаңкестік шабуылға қатысты» деп айыпталған төрт адам мен олардың «11 сыбайласы» өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
12 наурызда Мәскеудің екінші батыс округтік әскери соты Crocus City Hall концерт залына жасалған лаңкестік шабуыл ісінде үкім оқыды.
«Терактіні тікелей жүзеге асырды» деп айыпталған Далержон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзов өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот оларды террорлық акт жасау, терроризмді қолдау, террористік дайындықтан өту және өзге де ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп таныды. Сонымен қатар әрқайсысына 990 мың рубль көлемінде айыппұл салынды. Сотталғандар жазасын ерекше режимдегі түзеу колониясында өтейді.
Тергеу деректеріне сәйкес, терактіні ұйымдастыруға жәрдемдесті деп танылған тағы 11 адам да өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олар: Умеджон Солиев, Мустаким Солиев, Шахромджон Гадоев, Зубайдулло Исмоилов, Хусейн Хамидов, Мухаммад Шарипзода, Якубджони Юсуфзода, Назримад Лутфуллои, Джумахон Курбонов, Хусен Медов және Джабраил Аушев.
Бұдан бөлек, тағы төрт айыпталушы 19 жыл 11 айдан 22 жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Контекст
Crocus City Hall концерт залындағы лаңкестік шабуыл 2024 жылы 22 наурызда болған. Қарулы адамдар концерт кешеніне басып кіріп, көрермендер мен қызметкерлерге оқ жаудырған. Кейін олар залды өртеп жіберген. Шабуыл салдарынан 150 адам қаза тапты. Сол күні залда «Пикник» тобы өнер көрсету керек болған.
Бұл шабуыл үшін жауапкершілікті «Вилаят Хорасан» ұйымы («Ислам мемлекеті» террористік ұйымының Ауғанстандағы қанаты) өз мойнына алған.
Ресей президенті Владимир Путин лаңкестердің әрекеті Украина мүддесі үшін жасалған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Украина оны жоққа шығарған.