Импорттық азық-түлік қазақстандық өнімдерді ығыстырып жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Отандық азық-түлік өндірушілер биыл қаржылық жағдайының нашарлағанын айтып отыр. Бұған негізгі себеп ретінде фискалдық жүктеменің артуы және ЕАЭО елдерінен келетін импортпен тең емес бәсекенің күшеюі аталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Салалық одақтар альянсы «сұр» импорт көлемінің өсіп жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл жағдай шекарадағы бақылау жүйесінің жетілмегендігімен және импорттаушылардың тауарды тексеруге ұсынбағаны үшін жауапкершіліктің болмауымен қиындап отыр.

– Бұл мәселе қолданыстағы бақылау тетіктерінің заңнамалық тұрғыдан әлсіздігінен туындаған. Атап айтқанда, шекарадағы бақылау-өткізу бекеттері мен тауар жеткізілетін соңғы пункттердегі аумақтық бөлімшелер арасында өзара байланыс жоқ. Сондай-ақ импорттаушы тауарды тексеруге ұсынбаған жағдайда жауапкершілік қарастырылмаған. Бұған қоса, әкелінетін өнімдерге жүргізілетін зертханалық тексерулерде формализм бар. Ал жаңа салық заңнамасы енгізілген жағдайда бұл проблемалар адал қазақстандық өндірушілердің жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін, – делінген Салалық одақтар альянсының мәлімдемесінде. Бұл туралы АПК Новости басылымы жазды.

Өндірушілердің айтуынша, негізгі мәселенің бірі – ірі сауда желілері қоятын ауыр талаптар. Олардың мәліметінше, ритейл желілері өндірушілерден түрлі ретробонустар мен қосымша қызметтер үшін төлемдер алады (кейде олардың саны жиырмаға дейін жетеді). Бұл сомалар өнімнің бастапқы бағасынан ұсталады.

Нәтижесінде, өндіруші 100 теңгеге сатылған өнімнен қолына небәрі 60–80 теңге ғана алады. Яғни тауар құнының 40 пайызына дейін сауда желілері алады, оған қоса сауда үстемесі тағы бар.

Өндірушілер мұндай шарттарға келісуге мәжбүр, өйткені ірі супермаркеттер – өнімді өткізудің негізгі арнасы. Ал көптеген қалаларда бір сауда желісі іс жүзінде монополиялық жағдайға ие.

– Мұндай жағдайда кәсіпорындардың дамуға, өнім түрін кеңейтуге, өндірістік желілерді жаңартуға немесе жаңа жұмыс орындарын ашуға қаржысы қалмайды. Соның салдарынан отандық өндіріс қысқарып, дүкен сөрелерінде импорттық өнімдердің үлесі артып келеді. Ішкі нарықта қазақстандық өндірушілердің өздерін қонақ сияқты сезінуі – дұрыс жағдай емес. Қазір отандық өндірушілер импорттаушылармен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз позицияда тұр, – дейді нарық қатысушылары.

Сонымен қатар тағы бір мәселе бар: ЕАЭО елдеріндегі азық-түлік өндірушілер өз мемлекеттерінен айтарлықтай қолдау алады. Мұндай қолдаудың көлемі Қазақстандағыдан жоғары болғандықтан, олардың өнімінің өзіндік құны төмен әрі бәсекеге қабілетті болып отыр.