Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында құрылтай немен айналысатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰРЫЛТАЙ НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?
Сіз президент билігі Құрылтай арқылы күшейтіп жатыр деген пікірмен келісесіз бе?
– Мен олай ойламаймын. Құрылтай, мысалы, қатарынан екі рет спикерді немесе вице-президентті мақұлдамаса, оны таратуға болады деген сөз айтылып жүр. Бірақ 62-бапта Құрылтайды алдыңғы таратудан кейін бір жыл ішінде қайта таратуға болмайтыны жазылған. Яғни президент оны тек бір жылдан кейін ғана қайта тарата алады. Бұл механизм қалай жұмыс істейтінін қараңыз. Президент Құрылтай спикерін ұсынады. Құрылтай оны қабылдамайды. Президент парламентті таратады. Екі айдан кейін жаңа сайлау өтеді.
Осы екі ай бойы парламенттік партиялар: «Бізді спикер болуға бір адамды өткізбегеніміз үшін таратып жіберді» деп айтады. Әрине, мұндай жағдайда антипрезиденттік партиялардың рейтингі өседі. Олар парламентке келеді де, бір жыл бойы президент оларды тарата алмайды.
Осы кезеңде олар премьер-министрді бекітуді де, вице-президентті де, Конституциялық сот судьяларын, Жоғарғы сот судьяларын да, түрлі тағайындаулар мен заңдарды да қабылдамай, бөгет жасай алады.
Неге жүйені осылай күрделендірген?
– Мен тек Құрылтайды тарату құқығы бар деген сөз президент оны жылына он рет таратады дегенді білдірмейтінін түсіндіріп отырмын. Ол бір рет қана тарата алады, содан кейін тұтас бір жыл бойы мұндай мүмкіндік болмайды. Осы бір жыл ішінде парламент тараудан қорғалады.
Президент бір лауазымға қатысты жанжалға байланысты Құрылтайды таратуы мүмкін. Ал осы қақтығыс аясында саяси ұпай жинап келген жаңа парламент кейінгі он ай бойы президенттің барлық жұмысын бөгеп тастауы мүмкін.
Бұл жерде жүйе президент мұндай конфронтацияға бара қоймайтындай етіп құрылған. Егер ол осы тетікті қолданса, кейінгі бүкіл кезеңде Құрылтай тараудан иммунитет алады.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ұлысмедианың YouTube-арнасынан көре аласыздар